Өзбекстан Президенті Өңірлік экологиялық саммит көрмесімен танысты
Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға жасаған жұмыс сапары аясында 22 сәуір күні Орталық Азия елдері, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия және Армения делегацияларының басшыларымен бірге Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында ұйымдастырылған Өңірлік экологиялық саммит көрмесіндегі ұлттық павильондарды тамашалады.
Саммиттің басты назарында экологиялық саясатқа кешенді көзқарасты қамтитын сегіз басым бағыт тұр: климаттың өзгеруіне қарсы күрес, азық-түлік қауіпсіздігі мен экожүйелер тұрақтылығын қамтамасыз ету, табиғи қауіп-қатерлерге бейімделу және экономикалық тұрақтылықты арттыру, ауаның ластануын азайту және қалдықтарды тиімді басқару, экологиялық мақсаттарға қол жеткізу тетіктерін дамыту, табиғи ресурстарды орнықты басқару, әділ әрі инклюзивті «жасыл» өтуді қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық және цифрлық құзыреттерді дамыту. Күн тәртібі тұрақты дамудың экологиялық қана емес, әлеуметтік-экономикалық аспектілерін де қамтиды.

Көрмеге қатысушы елдердің ұлттық павильондарында осы бағыттардағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары таныстырылуда.

Интерактивті және мультимедиялық элементтермен жабдықталған Өзбекстан павильоны елдің экология, климаттың өзгеруі және Орталық Азияның тұрақты дамуы салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын көрсетеді. Сонымен қатар, экспозиция Өзбекстанның экология саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосып жатқан үлесін айқындайды.

Жоғары мәртебелі қонақтарға экологиялық дамудың заманауи моделін қалыптастыруға бағытталған негізгі бастамалар ұсынылды. Олардың қатарында «Қалдықсыз өңір», «Таза ауа», «Жасыл мекен», «Экомәдениет», «Биомұра» және «Экологиялық білім» сияқты жалпыұлттық жобалар бар.
Сондай-ақ, Арал теңізі апатының салдарын жою және халықаралық ұйымдармен, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдарымен ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.





