Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық тек саяси немесе экономикалық байланыстармен ғана шектелмейді. Екі елді табиғаттың ортақ сыйы – су да жақындастырып, халықтардың игілігі жолындағы маңызды көпірге айналып отыр.
Осы бағыттағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайту мақсатында Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрлігі басшысы Шавкат Хамроев Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловпен кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы су ресурстарын ұтымды пайдалану мен аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.
Тараптар атап өткендей, Өзбекстан мен Қазақстан – тарихы мен тағдыры тоғысқан тату көрші мемлекеттер. Екі ел арасындағы байланыстар ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара құрмет және тату көршілік қағидаттарына негізделген. Бүгінде Мемлекет басшылары арасындағы сенімді әрі достық қатынастардың арқасында бұл әріптестік жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, стратегиялық серіктестік сипат алып отыр.

Кездесу барысында елші Бейбіт Атамқұлов қазіргі әлемде су ресурстары экономикаға, энергетикаға, экологияға және халықтың әл-ауқатына тікелей ықпал ететін аса маңызды факторға айналғанын атап өтті. Шынында да, су – тіршіліктің өзегі, өркениеттің бастауы. Осы тұрғыда ол Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жүргізіп отырған су саясатына ерекше тоқталды.
Атап айтқанда, 2028 жылға дейін 3,5 миллион гектар жерге заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, осы арқылы жыл сайын 5 миллиард текше метрге дейін су үнемдеу, сондай-ақ 2026 жылдың өзінде коммерциялық банктер арқылы 2,6 триллион сум көлемінде жеңілдетілген несие бөлу және мемлекет тарапынан 800 миллиард сум субсидия қарастыру – тек ұлттық деңгейдегі бастама ғана емес, бүкіл өңірдің тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам екені айтылды.
Сондай-ақ 2025 жылғы 15 қарашада Өзбекстан мен Қазақстан үкіметтері трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және басқару жөніндегі келісімге қол қойғаны атап өтілді. Бұл келісімді жүзеге асыру үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдер Өзбекстан тарапынан толық аяқталды. Осыған байланысты 2026 жылғы 6 наурызда «Халықаралық шартты бекіту туралы» Президент қаулысы қабылданды.
Бұл құжат екі мемлекет арасындағы су ресурстарын тиімді әрі тұрақты пайдалану жолындағы ынтымақтастықтың жаңа белесін айқындайды. Ол трансшекаралық су нысандарын басқаруда жүйелі әріптестікті қалыптастырып, салалық мекемелер арасындағы байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі елдің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін үйлестіруге бағытталған.
Кездесу соңында тараптар алдағы маңызды халықаралық іс-шараларға да тоқталды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 30 наурызда Астана қаласында өтетін Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитетінің отырысы, сондай-ақ 22–24 сәуір күндері ұйымдастырылатын өңірлік экологиялық саммит және оның аясында өтетін қордың құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің жиыны талқыланды.