Су дипломатиясы: Үш ел су және энергетика ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қойды
Орталық Азия елдері арасында су және энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану, қолда бар қорларды үйлестірілген түрде басқару, сондай-ақ халық пен экономика салаларын үздіксіз ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері тұрақты диалог пен өзара ынтымақтастықты талап етеді.
Әсіресе жаз мезгілінде су тұтыну көлемі мен энергияға деген сұраныстың артуы өңірлік өзара іс-қимылдың маңызын одан әрі күшейтеді.
Осыған байланысты Бішкек қаласында Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның су шаруашылығы мен энергетика салаларына жауапты басшыларының қатысуымен кезекті жұмыс кездесуі өтті.
Жиында тараптар су-энергетика саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Келіссөздер барысында жазғы маусымда су қоймалары мен энергетикалық нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді бөлу, сондай-ақ энергиямен жабдықтаудағы тепе-теңдікті сақтау мәселелері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар халық санының артуы, экономиканың кеңеюі және энергияға деген қажеттіліктің өсуі жағдайында су-энергетика саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара қорытындысында 2026 жылдың шілде-тамыз айларында елдерді су және энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
Құжат Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара сенім мен серіктестікті нығайтуға, су және энергетикалық ресурстарды тиімді басқаруға, сондай-ақ жазғы кезеңде халық пен экономиканың тұрақты қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Мұндай келісімдер өңірлік су және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, елдер арасындағы өзара сенім мен стратегиялық әріптестіктің одан әрі тереңдеуіне ықпал етеді.