Ташкентте өткен «Балалар үшін диалог: Орталық Азия және ЮНИСЕФ» жоғары деңгейдегі конференция аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худоёров арасында келіссөздер өтті.
Кездесуде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, медициналық қызмет сапасын арттыру, медициналық көмек көрсету тәжірибесімен алмасу, бастапқы медициналық-санитарлық көмек бойынша елдер коалициясы аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Арал өңірі тұрғындарының денсаулығына әсер ететін экологиялық факторларды кешенді зерттеуге бағытталған бірлескен ғылыми жобалар сөз болды.
Әңгіме барысында балалар денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы балалар обыры (ісігі) бойынша Халықаралық академиялық орталық құруды ұсынып, бұл жобаны жүзеге асыруға белсене қатысуға дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ Ұлттық ғылыми онкология орталығы базасында ересектер онкологиясы және онкогематологиясы бойынша халықаралық хаб, ал UMC жүрек орталығы базасында балалар жүрек хирургиясы бойынша халықаралық хаб құру, оның ішінде Қарақалпақстан балаларына көмек көрсету мүмкіндігі де ұсынылды.
Кездесу нәтижесінде биыл Өзбекстанда Қазақ медицинасы күндерін, ал 2026 жылы Қазақстанда Өзбек медицинасы күндерін өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Тараптар денсаулық сақтау саласында халықаралық хаб құру туралы ұсынысты да бірлесіп қолдады.