Өзбекстан мен Оңтүстік Корея құқық саласындағы цифрлық ынтымақтастықты нығайтады
Қазіргі таңда құқықтық ақпаратты халыққа жедел әрі қолжетімді жеткізу, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу қазіргі құқық жүйесінің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Осы тұрғыда озық шетелдік тәжірибені зерделеу мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту ерекше маңызға ие.
Осыған орай Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі делегациясы құрамындағы «Adolat» ұлттық-құқықтық ахпарат орталығы өкілдері Оңтүстік Корея Республикасында сапарда жүр. Бұл сапар 2025–2026 жылдарға арналған KSP (Knowledge Sharing Program) білім алмасу бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Бағдарламаның басты мақсаты – құқықтық ақпаратты таратуда заманауи жүйелер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу бойынша кореялық тәжірибені үйрену.
Қызметтік сапар барысында делегация мүшелерінің Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясы, Конституциялық соты, Мемлекеттік заңнама министрлігі, Корея құқықтық ақпарат орталығы, сондай-ақ осы бағытта жұмыс істейтін IT-компаниялар өкілдерімен кездесулері жоспарланған.
Бағдарламаның алғашқы күнінде Кореяның заң шығару жүйесі, нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу мен оларға өзгерістер енгізуде цифрлық технологияларды пайдалану тәжірибесі, құқықтық ақпаратты халыққа жеткізудің заманауи тетіктері және озық тәжірибелер жөнінде таныстырылымдар өтті.
Сонымен қатар, Корея заңнамалық зерттеулер институтының сарапшыларымен норма шығармашылығы үдерісіндегі ғылыми-талдамалық институттардың рөлі, құқық шығармашылығында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті пайдалану мәселелері талқылануда.
Аталған сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстарын одан әрі нығайтуға, құқықтық ақпаратты цифрлық басқару және нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді жаңғырту бойынша тәжірибе алмасуға ықпал етеді.