Өзбекстан Кореяның «KT» компаниясымен технологиялық ынтымақтастықты кеңейтеді
Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов Кореяның «KT» компаниясының жасанды интеллект және цифрлық трансформация бағыты бойынша аға вице-президенті Чон Сон Рокпен кездесіп, технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Министрлік мәліметінше, келіссөздер барысында, ең алдымен, Өзбекстанда жасанды интеллектіні дамытуға қажетті есептеу қуаттарын қалыптастыру мәселесіне назар аударылды. Атап айтқанда, «KT» компаниясының қатысуымен елде жасанды интеллектке маманданған деректер орталықтарын құру мүмкіндігі қарастырылды.

Мұның маңызды екенінің бірден-бір себебі – жасанды интеллект негізіндегі жаңа қызметтер көбейген сайын, оларды іске қосу үшін соғұрлым үлкен есептеу қуаты қажет болады. Сондықтан заманауи инфрақұрылым қалыптастыру саланың маңызды міндеттерінің бірі саналады.
Кездесуде Өзбекстан стартаптары үшін жаңа мүмкіндіктер де талқыланды. Атап айтқанда, жергілікті стартаптарды Кореяның технологиялық экожүйесімен байланыстырып, олардың халықаралық нарыққа шығуына ықпал ететін «KT K-PATH» корпоративтік акселерация бағдарламасына қатысу мәселесі қарастырылды.

Сонымен қатар «KT» компаниясының Өзбекстанда цифрлық трансформация және жасанды интеллект бағытындағы бөлімшесін ашу, ел аумағынан Кореядағы клиенттерге технологиялық қызмет көрсету мүмкіндіктері талқыланды. Компанияның серіктес ақпараттық технологиялар компанияларын Өзбекстанға тарту және олар үшін жергілікті кеңселер ашу мәселесі де күн тәртібінен орын алды.
Тағы бір маңызды бағыт – ғылыми зерттеулер. Тараптар Өзбекстанда жасанды интеллект саласында бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер жүргізу, яғни жаңа технологияларды бірлесіп жасау мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу соңында ұсынылған бастамаларды одан әрі пысықтап, әр бағыт бойынша практикалық ынтымақтастық тетіктерін айқындауға уағдаласты. Сондай-ақ «East Telecom» компаниясымен ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен технологиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған екі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.