Өзбекстан делегациясы Гуанчжоуда озық фармацевтика және ауыл шаруашылығы технологияларымен танысты
Өзбекстанның Медициналық және фармацевтика салаларын дамыту агенттігінің өкілдері жұмыс сапарымен Қытайдың Гуанчжоу қаласына барды.
Осынау жұмыс сапары аясында агенттік өкілдері «Гуанчжоу фармацевтикалық тобы» құрамындағы жетекші дәрі-дәрмек өндіруші кәсіпорындардың бірінің қызметімен танысты.
Онда делегация мүшелеріне дәрі-дәрмек өнімдерін өндіру мен қаптауға арналған заманауи автоматтандырылған желілер, сондай-ақ қойма шаруашылығы мен жеткізу үдерістерін тиімді басқаруға мүмкіндік беретін зияткерлік логистикалық кешеннің мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды.
Сондай-ақ, келіссөздер барысында Өзбекстанда шығыс медицинасын дамыту келешегі, фармацевтикалық өндіріс, білім беру, ғылыми зерттеулер және мамандар даярлау салаларындағы ынтымақтастық бағыттары кеңінен талқыланды.
Бұдан бөлек, делегация өкілдері дәрілік өсімдіктерді өсіру саласында енгізілген озық инновациялық шешімдермен танысты. Компания мамандары топырақ жағдайы мен егістіктерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін ақылды технологияларды, сондай-ақ ресурстарды тиімді пайдалану мен өндірістің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған энергияны басқару жүйелерін көрсетті.
«Гуанчжоу фармацевтикалық тобының» өкілдері Өзбекстандағы жоғары экономикалық өсім қарқынын, кәсіпкерлік ортадағы оң өзгерістерді және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін жасалған қолайлы жағдайларды жоғары бағалап, елдің фармацевтика нарығының әлеуетін тереңірек зерделеуге әрі ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты.
Жұмыс сапарының жалғасында фармацевтика, білім беру және ғылыми зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылауға арналған бірқатар кездесулер өткізу және кәсіпорындардың жұмысымен танысу жоспарланған.