Өзбекстан мен Мажарстан фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
Өзбекстан мен Мажарстан екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолында тағы бір бастаманы қолға алды.
Фармацевтикалық өнімдердің қауіпсіздігі орталығында Мажарстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігі және HEPA – Мажарстанның экспортты дамыту агенттігінің өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылау жүйесін жетілдіру және өзара тиімді байланысты кеңейту мәселелері талқыланды.
Мажарстан тарапынан елшінің сыртқы экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Мартон Ковач, HEPA өкілдігінің басшысы Ваник Янош, ал Өзбекстан тарапынан Орталық директоры Алишер Темиров бастаған мамандар қатысты.
Тараптар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сертификаттау саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ халықаралық озық тәжірибені енгізу, мамандар арасында тәжірибе алмасу және фармацевтика саласындағы институционалдық әріптестікті нығайту мәселелері сөз болды. Еуропалық Одақтың бұл бағыттағы тәжірибесін зерделеу Өзбекстанның фармацевтика нарығының қауіпсіздігін арттыруда маңызды фактор ретінде бағаланды.
Кездесуде Мажарстанның жетекші фармацевтикалық компанияларымен тікелей байланыстарды дамыту, ішкі нарықты сапалы әрі қауіпсіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды іске асыру және бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктері де қарастырылды.
Тараптар кездесу қорытындысы бойынша фармацевтика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және перспективалы бағыттар бойынша практикалық серіктестікті жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Айта кетейіе, мұндай ынтымақтастық Өзбекстанның фармацевтика саласына заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізуге, сондай-ақ саланың экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.