Тәуелсіз Өзбекстан тарихында тұңғыш рет отандық жасанды жер серігін орбитаға шығару және өзбек азаматынан тұңғыш космонавтты ғарышқа аттандыру жөніндегі тарихи бастама жария етілді.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев Өзбекстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл қадам елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға, ғарыштық зерттеулер мен инновациялық даму бағыттарын кеңейтуге жол ашады.
– Бүгін сіздерге тағы бір маңызды жаңалықты айтқым келеді. Тәуелсіз Өзбекстан тарихында алғаш рет ғарыш саласында жасанды жер серігін ұшыру және еліміздің азаматы – тұңғыш өзбек космонавтын ғарышқа жіберу жөніндегі жұмыстарды бастадық, – деді Президент.
Бұл бастама Өзбекстанның жоғары технологиялар дәуіріне нық қадам басқанын көрсетіп, жас ұрпақты ғылым мен білімге ынталандыратын жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.