Заңды жол ма, әлде көлеңкелі көші-қон ба? Ресми өкілмен сұхбат
Бүгінгі жаһандану дәуірінде көші-қон саласы әлемдік деңгейдегі ең өзекті әлеуметтік-экономикалық үдерістердің біріне айналды. Әсіресе еңбек миграциясы көптеген елдердің экономикасына ықпал етіп, миллиондаған адамдардың өмірінде маңызды орын алып отыр.

Осы түрғыдан қарағанда Өзбекстанда миграция мәселесі мемлекеттік саясат деңгейінде ерекше назар аударылатын бағыттардың бірі саналады. Осыған байланысты шетелде еңбек етіп жүрген азаматтардың құқықтарын қорғау, оларға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету, қауіпсіз әрі заңды еңбек миграциясын ұйымдастыру бойынша бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мәселелер төңірегінде ӨзА тілшісі Министрлер Кабинеті жанындағы Миграция агенттігінің бөлім басшысы Исломжон Хамроевпен сұхбаттасты.
– Айтыңызшы, бүгінгі таңда агенттік қай мемлекеттермен еңбек миграциясы саласында тиімді ынтымақтастық орнатқан? Миграция географиясын кеңейту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ең алдымен, азаматтарымызды шетелде заңды, сапалы әрі жоғары табысты жұмыспен қамту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, миграция географиясын кеңейту – негізгі мақсатымыздың бірі. Осыған орай, Еуропалық Одақ елдерімен, соның ішінде «Нордик мемлекеттері», сондай-ақ АҚШ, Жапония еңбек нарықтарында жоғары табысты жұмыс орындарына заңды орналастыруға ерекше назар аударылып отыр.
Агенттік тарапынан 2030 жылға дейін 50 мың азаматты «Нордик мемлекеттеріне» жұмысқа жіберу жөнінде кешенді бағдарлама әзірленді. Сонымен қатар Италия, Чехия, Оңтүстік Корея, Словакия, Түркия, Беларусь елдерінің тиісті ұйымдарымен, сондай-ақ Германияның экономикалық қауымдастығы және басқа да халықаралық құрылымдармен миграция саласында өзара тиімді кездесулер өткізілді.
Жақында «Honchos LLC» және «USA Farm Labor» компанияларымен АҚШ-тың H-2A визалық бағдарламасы аясында маусымдық жұмысқа орналастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Өтінім қабылданып, бұл процесс кезең-кезеңімен жолға қойылып жатыр. Еуропа аймағынан – 47 мың, Азия-Тынық мұхиты аймағынан – 13 мың, Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінен – 6 мың, ТМД елдерінен – 36 мың жұмыс орны ұсынылған. Сонымен қатар Италияның 5, АҚШ-тың 2, Испания және Францияның бір ұйымымен ауыл шаруашылығы саласында маусымдық жұмысқа орналастыру жөнінде келісім жасалды. Бұл мемлекеттерде 10 мыңға жуық, жоғары біліктілікті талап етпейтін, бір жылға дейінгі мерзімге арналған аграрлық жұмыс орындарына тапсырыс алынды.
– Ел азаматтарын шетелде заңды әрі қауіпсіз жұмыспен қамту үшін қандай тетіктер енгізілгені жөнінде айтыңызшы?
– Азаматтарды шетелде заңды және қауіпсіз жұмыспен қамту бойынша Өзбекстан Республикасында бірқатар құқықтық, ұйымдастырушылық және профилактикалық механизмдер енгізілген. Атап айтқанда, Министрлер Кабинетінің 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысына сәйкес, шетелде уақытша еңбек қызметін жүзеге асыруға ниетті азаматтарды даярлау, оларды ұйымдасқан түрде шетелге жіберу және құқықтарын қорғаудың кешенді жүйесі белгіленген. Осы шешімге сәйкес, шетелге жіберілмес бұрын азаматтарға бейімдеу және оқыту шаралары жүргізіледі. Оларға еңбек заңнамасы, миграция ережелері, тұрмыс және еңбек жағдайлары, қауіпсіздік талаптары, шетелде құқықтық қорғау алу тәртібі, сондай-ақ заңсыз еңбек миграциясының салдары толық түсіндіріледі.
Азаматтар шетелге тек қана расталған жұмыс берушілер мен ресми еңбек шарттары негізінде жіберіледі. Көрсетілген шарттарда жалақы мөлшері, жұмыс уақыты, тұру жағдайы, медициналық сақтандыру, көлік және басқа да әлеуметтік кепілдіктер нақты көрсетіледі.
Сонымен қатар шетелге шығатын азаматтардың кәсіби және тілдік дағдыларын арттыруға ерекше мән беріледі. Кейбір елдерге жіберу кезінде арнайы тіл және кәсіптік даярлық курстары ұйымдастырылып, халықаралық сертификат алу жүйесі енгізілген.
Шетелде азаматтардың құқықтарын қорғауға байланысты Миграция агенттігінің шет мемлекеттерде өкілдіктері жұмыс істейді. Олар арқылы еңбек дауларын шешу, жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізу, құқықтық көмек көрсету және қиын жағдайға тап болған азаматтарға жәрдем беру шаралары жүзеге асырылады.
Сонымен қатар шетелде еңбек етіп жүрген азаматтарды әлеуметтік қолдау үшін субсидия, өтемақы және жеңілдетілген қаржылық көмек тетіктері енгізілген. Атап айтқанда, кейбір елдерге баруға байланысты шығындарды өтеу, тіл үйрену мен кәсіптік даярлыққа жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу тәртібі қарастырылған.
– Шетелде жұмыс істеп жүрген Өзбекстан азаматтарына құқықтық көмек көрсету жүйесі қалай ұйымдастырылған?
– Миграция агенттігі тарапынан шетелде жүрген өзбекстандықтардың өтініштерін жедел түрде қабылдау, қарау және қажет болған жағдайда құқықтық әрі практикалық көмек көрсетуге байланысты бірқатар байланыс арналары жолға қойылған. Атап айтқанда, ақпараттық орталық, телефон байланысы және арнайы қосымша арқылы агенттіктің қысқа сенім телефоны – 1282 нөміріне әлемнің кез келген елінен тегін қоңырау шалуға болады. Сонымен қатар «www.xorijdaish.uz» платформасында арнайы SOS батырмасы енгізілген. Осы байланыс құралдары арқылы азаматтар еңбек миграциясы, құқықтық көмек, құжат рәсімдеу, елге оралу және өзге де мәселелер бойынша жүгінуге мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы да өтініш қабылдау жүйесі енгізілген.
Бұл жүйелер шетелдегі азаматтармен тұрақты байланысты қамтамасыз етіп, өтініштерді орталықтандырылған түрде қабылдауға және жедел қарауға мүмкіндік береді.
– Кейінгі кезде қай бағыттарда нақты нәтижелерге қол жеткізілді? Қандай мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр?
– Айта кету керек, 2025 жыл ішінде елімізге шетелде еңбек етіп жүрген азаматтарымыздан 18,9 миллиард доллар көлемінде ақша аударымдары түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға көп. Алайда, шетелде еңбек қызметін ұйымдастыру саласында жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан, кейбір мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Атап айтқанда, лицензиясыз шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын консалтингтік және делдал ұйымдардың қызметі негізгі проблемалардың бірі саналады. Мұндай ұйымдар азаматтарды ресми еңбек шарттарынсыз, еңбек жағдайлары мен құқықтық кепілдіктерді толық түсіндірмей шетелге жіберу жағдайлары кездесуде.
Соның салдарынан кейбір азаматтар шетелге барған соң заңсыз еңбекке тартылып, виза немесе көші-қон талаптарын бұзып, заңсыз мәртебеге түсіп жатады. Бұл олардың ауыр әлеуметтік және еңбек жағдайына тап болуына, еңбек құқықтарының бұзылуына, жалақының төленбеуіне, депортацияға ұшырауына және құқықтық қорғансыз қалуына себеп болады.
Азаматтардың шетелде заңсыз мәртебеде болуы Өзбекстан Республикасының халықаралық беделіне де кері әсерін тигізеді. Кейбір елдерде көші-қон тәртібінің қатаюы, қосымша шектеулер енгізілуі және өзбекстандық еңбек мигранттарына деген сенімнің төмендеуі сияқты жағдайлар да байқалып отыр.
Осыған байланысты лицензиясыз қызмет көрсететін ұйымдарға қарсы бақылауды күшейту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларды тек ресми әрі кепілдендірілген еңбек тетіктері арқылы шетелге жіберу аса маңызды.
Сол себепті азаматтарды заңсыз делдалдар мен лицензиясыз консалтингтік ұйымдардан қорғау мақсатында бірқатар нақты шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, шетелге жұмысқа орналастыру саласында лицензиясыз қызмет көрсететін ұйымдарды анықтау және олардың қызметін шектеу бойынша бақылау шаралары күшейтілді. Азаматтардан түскен өтініштер негізінде тексерулер жүргізіліп, заңсыз әрекет еткен ұйымдарға қатысты экономикалық және әкімшілік шаралар қолданылуда.
Сонымен қатар халық арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылған. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, махалла институттары және өңірлік бөлімшелер арқылы азаматтарға шетелге тек ресми әрі лицензиясы бар ұйымдар арқылы шығу қажеттігі жөнінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– 18-19 мамыр күндері Ташкент қаласында Халықаралық миграция форумы өтеді. Осы беделді шараны елімізде өткізуден көзделген мақсат қандай?
– Иә, келесі аптада Халықаралық көші-қон ұйымы және Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Миграция агенттігінің ұйымдастыруымен Ташкент халықаралық миграция форумы өтеді. Бұл беделді іс-шараға халықаралық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, бизнес өкілдері және сарапшылар қауымдастығынан 300-ден астам қатысушы келеді деп күтілуде.
Форумды елімізде өткізудегі басты мақсат – көші-қон саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және қауіпсіз, реттелген әрі заңды миграция жүйесін дамыту.
Бұл алаң арқылы Орталық Азия елдері мен халықаралық ұйымдар арасында көші-қон мәселелері бойынша диалогты күшейту, еңбек мигранттарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, адам саудасы, заңсыз миграция және еңбек қанауына қарсы күресу, мигранттарға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ қауіпсіз және заңды еңбек миграциясы үшін жаңа ынтымақтастық бағыттарын айқындау көзделіп отыр.
Сонымен қатар Өзбекстанның көші-қон саласындағы реформалары мен тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстыру да маңызды мақсаттардың бірі болып табылады. Қысқасы, бұл форум Өзбекстанның халықаралық миграциялық саясаттағы беделін арттыруға, шетелде еңбек етіп жүрген азаматтар үшін лайықты әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған бастамаларды талқылайтын маңызды платформа болмақ.
сұхбаттасқан Г.Сатторова , ӨзА