Өзбекстан мен Швеция көші-қон саласындағы үкіметаралық келісімге қол қойды
Өзбекстан азаматтарының Швеция аумағында заңды түрде жұмыс істеуіне, білім алуына және тұруына мүмкіндік беретін мемлекет кепілдік берген құқықтық тетік қалыптастырылды.
Өзбекстан Үкіметі мен Швеция Корольдігі Үкіметі арасында «Көші-қон және мобильділік туралы» келісімге, сондай-ақ көші-қон және мобильділік жөніндегі пилоттық бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты Бірлескен декларацияға қол қойылды.
Құжатқа сәйкес медицина, техника, қызмет көрсету және күтім жасау салаларындағы білікті мамандарды Швецияның еңбек нарығына даярлау бойынша ынтымақтастық жолға қойылады.
Сонымен қатар өзбекстандық үміткерлерді швед жұмыс берушілерімен байланыстыратын арнайы тетіктер енгізіледі. Бұдан бөлек, студенттер, докторанттар мен жас зерттеушілер үшін академиялық алмасу мүмкіндіктері кеңейтіледі.
Көші-қон бағдарламаларына қатысушылар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғауға бағытталған қосымша кепілдіктер енгізіліп, виза рәсімдерін жеңілдету, сондай-ақ дипломатиялық паспорт иелері үшін 30 күндік визасыз режимді қолдану көзделген.

Өзбекстан миграция агенттігінің хабарлауынша, заңсыз көші-қонға, адам саудасына және құжаттарды қолдан жасауға қарсы бірлескен тетіктер күшейтіледі.
Бұдан бөлек, Халықаралық көші-қон ұйымы қатысуымен пилоттық бағдарлама іске қосылып, Швеция еңбек нарығының қажеттіліктері зерттеледі. Оның аясында швед тілін оқыту және кәсіби даярлық бағдарламалары ұйымдастырылады.