«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ ұйымдастыруымен Ыстамбұл қаласында Түркия және Еуропада тұратын қандастарымыздың қатысуымен кіші құрылтай өтті.
«Отандастар қоры» КЕАҚ-нің хабарлауынша, іс-шара аясында шеттегі қандастарға көрсетілетін мәдени-гуманитарлық, білім беру, қазақ тілін оқыту және басқа салаларда атқарылатын жұмыстар жайында баяндама жасалып, түрлі ұсыныстар талқыға салынды.
Кіші құрылтайға қатысқан қоғамның вице-президенті Мағауия Сарбасов: «Бізге алыс-жақын шет елдерде тұратын этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіріп әкелу, бөлінетін квота санын арттыру, азаматтық алып беру секілді басым бағыттарды жүзеге асыру құқығы мен құзіреттілігі берілмеген. Алайда «Отандастар қоры» өзінің өкілеттілігі шеңберінде елге оралған қандастар мен шеттегі отандастарға мүмкіндігінше көмек көрсетіп, олардың талап-тілектері негізінде құзырлы органдарға ұсыныс беріп, хат жолдап, мәселе қозғап, барынша қолдау жасап келеді. Дәл осындай жағдай шетелдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарына да қатысты. Әрине оларды барынша қолдаймыз, бірақ оларды қаржыландыру мәселесі тиісті министрліктердің еншісінде», - деген.
Қор вице-президентінің айтуынша Қазақстанға көшіп келуге ниет білдіргендер «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының» 1404 тегін нөміріне хабарласып, кез келген мәлімет ала алады.
Бұдан бөлек, Қазақ еліне қоныс аударуға бел буған этникалық қазақтарға арналған «Erulik.kz» (ерулік.кз) веб-платформасы әзірленген болып, оларқылы әлемнің кез келген түкпірінен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы қарастырылған 5 облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен танысуға және қоныс аударуға қолайлы елді-мекендерді таңдауға болады. Атап айтқанда, бос тұрғын-жайлар, инфрақұрылым, әлеуметтік мекемелер, экономикалық әлеуеті, бос жұмыс орындары және басқа да ақпараттар ұсынылған.
«Еңбек» бағдарламасына сәйкес қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы аясында қоныс аударушылар Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандырылады. Қоныс аударушы қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне тиісті әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Сонымен қатар, балаларды білім беру ұйымдарына орналастыру, медициналық қызметтерді пайдалану бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Жалпы, этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері «қандас» мәртебесiн алғаннан кейін, «Қандастарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында» тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiне ие бола алады», - деген Мағауия Қанапияұлы.