Самарқандта «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» бірінші парламентаралық форумы өтіп жатыр
Самарқанд қаласында өтіп жатқан «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» бірінші парламентаралық форумы аясында парламент делегацияларының кездесулері ұйымдастырылды.
Онда Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенаты Төрағасының бірінші орынбасары Содиқ Сафоев Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Тәжікстан Мажлиси Намояндагон Мажлис жорғары төрағасының орынбасары Мавсума Муини, Түркіменстан Межлисінің Халықаралық және парламентаралық байланыстар комитетінің төрағасы Максат Кулиев, Қырғыз Республикасының Жогорку Кеңешінің ғылым, білім, инновациялық даму және ақпараттық технологиялары, мәдениет, спорт және жастар істері комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Амановамен кездесулер өткізді.

Делегация жетекшілері Самарқанд саммитінде Өзбекстан басшысы ұсынған «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» парламентаралық форумын құру бастамасын уақыт талабына сай маңызды қадам ретінде бағалады. Бұл бастама Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы біріктіруші рөлін айқын көрсетеді.

Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген келісімдерді парламент деңгейінде қолдау және оларды іс жүзінде жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Форумды институционализациялау, оны ротациялық негізде өткізу және қатысушылар аясын кеңейту бойынша ұсыныстар айтылды.

Кездесулер барысында Еуропалық Одақтың Орталық Азияға деген қызығушылығы артып келе жатқаны айтылып, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін үйлестірілген өңірлік тәсіл қажет екені атап өтілді.
Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қатынастар жаңа деңгейге көтерілгені айрықша атап өтілді.
Сонымен қатар, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейту, соның ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында көлік байланысы мен экологиялық тұрақтылық мәселелеріне арналған бірлескен іс-шара өткізу бастамасы қолдау тапты.