Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1700-ден асты
24 маусымда Венесуэлада болған екі қуатты жер сілкінісінің салдарынан қаза тапқандар саны 1719 адамға жетті. Тағы 5034 адам түрлі деңгейде жарақат алғаны расталды.
Бұл туралы 29 маусымда Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес телеарна арқылы мәлімдеді. Оның айтуынша, табиғи апат салдарынан 15 866 адам баспанасыз қалған.
Бұған дейін құрбандар саны кемінде 1450 адам деп хабарланған болатын. Алайда құтқару жұмыстары жалғасып жатқандықтан және мыңдаған адам әлі із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болғандықтан, қаза тапқандар санының өсуі мүмкін екені айтылуда.
Зілзала Венесуэланың солтүстігінде, Каракас қаласының батысында тіркелген. Араға небәрі 39 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі болған. Мамандар мұны елде кейінгі 125 жылдағы ең қуатты сейсмикалық оқиғалардың бірі деп бағалап отыр.
Негізгі дүмпулерден кейін ондаған афтершок тіркелген. Көптеген тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандары қираған. Әсіресе халықаралық әуежай мен елдегі ең ірі теңіз порты орналасқан Ла-Гуайра штаты қатты зардап шекті.
Жер сілкінісінен кейін Венесуэлада төтенше жағдай жарияланды. Құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Із-түзсіз жоғалғандар саны көп болғандықтан, елдегі жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
АҚШ Ұлттық цунами туралы ескерту орталығының мәліметінше, Венесуэлада «сейсмикалық дублет» деп аталатын құбылыс болған. Бұл бір аймақта өте қысқа уақыт ішінде екі ірі жер сілкінісінің қатар орын алуын білдіреді.