Түркияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бес экипаж мүшесі қаза тапты
Түркияның батысындағы Ескишехир қаласында Әскери-әуе күштеріне тиесілі AS-532 Cougar тікұшағы апатқа ұшырап, экипаждың бес мүшесі қаза тапты.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, оқиға кеше, 24 қарашада, тікұшақ оқу-жаттығу ұшуын орындау үшін Ескишехир қаласынан әуеге көтерілгеннен кейін болған. Бұл қалада Түркия Әскери-әуе күштерінің 1-негізгі жойғыш авиациялық базасы орналасқан.
Түркия Қорғаныс министрлігі бастапқыда тікұшақтың сынықтары табылғанын және іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Кейін апат салдарынан тікұшақ бортындағы бес әскери қызметшінің барлығы қаза тапқанын растады.
Айта кетейік, AS-532 Cougar – әлемнің түрлі елдерінің қарулы күштері кеңінен қолданатын, екі қозғалтқышты көп мақсатты тікұшақ.