Түркі елдері композиторларының одағы құрылды
Баку қаласында Түркі дүниесі композиторларының І құрылтайы аясында тарихи маңызы бар шешім қабылданды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан және Венгрияның жетекші мәдениет ұйымдарының өкілдері Түркі дүниесі композиторларының одағын құрды.
Аталған шешім Баку декларациясына қол қою арқылы ресімделді. Құжат түркі елдерінің композиторлары, музыкатанушылары, орындаушылары, консерваториялары мен музыка академиялары, сондай-ақ шығармашылық ұйымдары арасында жүйелі әрі ұзақ мерзімді кәсіби ынтымақтастық орнатуға негіз болады.
Түркі дүниесі композиторлары одағының құрылуы құрылтайдың ең маңызды нәтижелерінің бірі болды. Осылайша түркі мемлекеттері композиторлары арасындағы ынтымақтастық алғаш рет бірыңғай институционалдық негізге және ұзақ мерзімді халықаралық платформаға ие болды.
Жаңа құрылым ортақ мәдени мұраны заманауи шығармашылықпен ұштастыруға, жаңа музыкалық шығармалар жасауға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және түркі халықтарының музыкасын әлем сахналарында кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

– Біз кәсіби ынтымақтастық пен халықаралық мәдени диалогқа шабыт беретін жанды музыкалық кеңістік құруды мақсат еттік, – деді Түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова. – Бұл алғашқы құрылтай мен Түркі дүниесі композиторлары одағының құрылуы түркі дүниесінің музыкалық дипломатиясы тарихында жаңа бет ашады.
Айта кетейік, Түркі дүниесі композиторларының І құрылтайы Баку қаласында XVIII Узеир Гаджибейли халықаралық музыка фестивалі аясында өтіп жатыр.
Одақ аясында композиторлар мен музыка мамандарының тәжірибе алмасуына, бірлескен шығармашылық жобалар мен халықаралық мәдени бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік кеңейеді. Айтулы жағдай Түркі елдерінің музыкалық мұрасын зерттеу мен насихаттауға бағытталған ортақ жобаларды жүзеге асыруды көздейді.