Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ерен еңбегімен танылған азаматтар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды
Президент Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен Өзбекстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жоғары мемлекеттік наградаларға ие болған бір топ отандастарды марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шарада Мемлекет басшысы жиналғандарды ұлы әрі қастерлі мереке – Өзбекстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 35 жылдығымен шын жүректен құттықтады.
– 35 жыл – тарих үшін тым қысқа кезең. Алайда артта қалып бара жатқан жылдар ауқымы, жетістіктері мен нәтижелері тұрғысынан ғасырға татитын дәуір болды десек, еш әсірелеу емес, – деді Мемлекет басшысы.

Президентіміз атап өткендей, бұл өзгерістердің шынайы иелері – еңбекқор әрі ізгі ниетті халқымыз.
Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті ауылда береке мен ырыс өндіретін фермерлер мен диқандардың, ұрпаққа білім мен тәрбие беретін ұстаздардың, адам өмірін сақтап қалатын дәрігерлердің, жаңа идеялар мен жаңалықтар іздеген ғалымдардың, заманауи кәсіпорындар салып жатқан өнеркәсіп иелері мен кәсіпкерлер еңбегінен көрінеді.

Сонымен қатар қалалар мен ауылдарды көркейтіп жатқан құрылысшылар мен сәулетшілердің, мәдениет, өнер және спорт саласы өкілдерінің, реформаларды елді мекендер мен отбасыларға жеткізіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің, адамдарды игі мақсаттар төңірегіне біріктіріп жүрген ардагерлер мен махалла белсенділерінің, ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үлесі ерекше атап өтілді.
Кейінгі он жылда ел экономикасына 160 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылып, экономика көлемі 2,5 еседен астам өсті. Биыл жалпы ішкі өнім көлемін 180 миллиард доллардан асыру мақсат етілді. Өнеркәсіп, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында 5 миллион 700 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Мемлекет пен жеке сектордың қатысуымен 1 миллион 500 мың орындық мектептер, 342 мың орындық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары және 62 мың орындық ауруханалар салынды. Жалпы пайдаланымдағы 83 мың шақырым ішкі жол салынып, жөндеуден өткізілді. 8 миллион тұрғын тұратын үйлерге алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жеткізілсе, тағы 11,5 миллион адамның сумен қамтылуы жақсарды. Соңғы он жылда 650 мың отбасы жаңа баспанаға ие болды.
– Жаңа Өзбекстанның ең үлкен нәтижесі – өзгерген адам, өз күшіне сенген азамат және ертеңгі күнге жауапкершілігін сезінетін қоғам, – деді Президент.

Осындай игі өзгерістерге елеулі үлес қосып жүрген 558 азамат Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
– Әрқайсыңыздың қажырлы еңбек жолыңызды, жетістіктеріңізді, еліміздің дамуына қосып жүрген лайықты үлестеріңізді өте жақсы білемін, – деді Мемлекет басшысы.
Марапатталғандардың қатарында Хорезм облысында ұзақ жылдар бойы жасампаздық жұмыстарына үлес қосып, бүгінде қарттарға жетекшілік етіп жүрген Рустам Султонов, Сұрхандарияда шөлді игеріп, егіншілікті дамытуға ғұмырын арнаған еңбек ардагері Абдусаттор Курбонов бар.

Бекабад металлургия комбинатында көп жылдан бері болат балқытушы болып еңбек етіп келе жатқан Ғуломжон Туроновтың «Өзбекстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері» құрметті атағымен марапатталуы – бүкіл металлургтер еңбегіне берілген жоғары баға болды.
Мақта және астық өсіруде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өзіндік мектебін қалыптастырған намангандық Илхом Зиёвуддинов, жыл сайын жібек құртының жоғары өнімін алып жүрген бұхаралық Жамила Худойбердиева, мал шаруашылығына озық технологияларды енгізіп, асыл тұқымды мал өсіруді дамытып жүрген қарақалпақстандық Эсенбай Айтимуратов және су ысырабын азайтып, энергия үнемдейтін жүйелерді енгізуге үлес қосып жүрген самарқандтық ирригатор Асланқул Каримқуловтың еңбегі лайықты бағаланды.
Президентіміз мемлекеттік награда алған әрбір азаматтың еңбегі мен ерлігі ерекше құрметке лайық екенін атап өтті.
Осы күндері өңірлерде атақ, орден және медальдарын алып жатқан отандастарға да шынайы құттықтаулар айтылды.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы наградаларды өз иелеріне табыстады.