Түркия президенті мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді.
Ақорда мәліметінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Түрік елінің көшбасшысын әуежайдан қарсы алған.
«Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына дейін Түркия президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты. Түркия президентінің келуіне орай трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді», -делінген хабарламада.
Екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар Режеп Тайип Ердоған бастаған Түркия елінің ресми делегациясына «Ata yurda hoş geldiniz!» — «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп екі тілде қошемет көрсеткен. Сол сәтте Түркия мен Қазақстан туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті.
Әуежай терминалында жас өнерпаздар Түрік елінің көшбасшысына арнап «Домбыра» композициясын орындаған.