
Баку қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы (COP29) аясында Өзбекстанның Ұлттық павильонында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің қоршаған орта және экология бойынша жауапты министрлерінің алғашқы кездесуі өтті.
Іс-шараға ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Әзербайжан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Мухтар Бабаев, Өзбекстан Республикасының экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі министрі Азиз Абдухакимов, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау министрлері қатысты.

Түркі мемлекеттері арасында экология және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту, COP29 және UNFCCC келіссөздерінде түркі елдерінің үнін нығайту мен біріктіру мақсатында ұйымдастырылған кездесуде экологиялық ынтымақтастықты арттыруға арналған болашақ мүмкіндіктер мен ұсыныстар талқыланды.

Кездесу соңында ТМҰ-ға мүше елдердің экология және қоршаған орта бойынша жауапты министрлерінің алғашқы жиналысының Декларациясына қол қойылды.