Ташкентте шетелдік инвесторлар кеңесінің маңызды отырысы өтті
Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысы өтті. Бұл алаң үкімет пен халықаралық инвесторлар арасындағы ашық әрі тікелей диалогтың негізгі тетігіне айналып отыр.
Жиын алдағы 18 маусымда өтетін Кеңестің IV жалпы отырысы қарсаңында тараптардың ұстанымдарын үйлестіруге арналды. Отырысқа Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Худжаев төрағалық етті. Сондай-ақ сессия жұмысына Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Шохрух Гуломов пен кеңес хатшысы Азиз Гафуров қатысты.
Кездесуде салық, кеден, инфрақұрылым, цифрландыру және қаржы салаларын қамтитын 116 бастамаға назар аударылды. Бұл ұсыныстар инвесторлардың тақырыптық жұмыс топтарындағы жүйелі жұмысының нәтижесінде әзірленген.
[gallery-29501]
Жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары мен энергетикалық келісімдерге қатысты салық режимін заңнамалық тұрғыда нақтылау мәселесі көтерілді. «Masdar»және «China Energy» компаниялары жаңартылатын энергия мен энергия сақтау жобалары үшін салықтық жеңілдіктер тетігін қайта қарауды ұсынды.
Ал «Deloitte» және «Voltalia» компаниялары өңірлерде тұрақты мекеме тіркеу талабын жеңілдету және елде өндірілмейтін жабдықтарды импорттау кезінде қосылған құн салығынан босату мәселесін көтерді.
Цифрлық экономика мен жасанды интеллект тақырыбына да айрықша көңіл бөлінді. Бірқатар компаниялар «Жасанды интеллект туралы» заң әзірлеуді қоса алғанда, осы саладағы құқықтық базаны қалыптастыру жөнінде бастама ұсынды.
Инвесторлар құқықтарын қорғау және жер қатынастарын жетілдіру мәселелері де талқыланды. «Kosta Legal» компаниясы мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы жер учаскелерін рәсімдеу тәртібін біріздендіру, жер омбудсманы институтын енгізу және дауларды сотқа дейін шешетін апелляциялық комиссиялар құруды ұсынды.
Сонымен қатар, Islamic Development Bank «жасыл сукук» эмиссиясына құқықтық негіз жасау және исламдық сақтандыру жүйесін енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.
Жиын қорытындысында Жамшид Худжаев барлық бастамалар елдегі құрылымдық реформаларды жеделдетуге бағытталғанын атап өтті. Қабылданған келісімдер ресми хаттамаға енгізіліп, жауапты министрліктер мен нақты орындау мерзімдері белгіленетін болды.
суреттерді түсірген О.Пардаев, ӨзА