Ташкент қаласында Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның энергетика және су шаруашылығы салаларына жауапты басшылары қатысқан маңызды жұмыс тобының кездесуі өтті.
Энергетика министрлігі ақпарат қызметінің хабарлауынша, басқосуда саладағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту, маусымдық жүктемелер кезінде жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және аймақтық қауіпсіздікті күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Атаулы кездесуге Өзбекстан Республикасының энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, су шаруашылығы министрі Шавкат Хамроев, Қырғыз Республикасы энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Қазақстан Республикасы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және Тәжікстан Республикасы энергетика және су ресурстары министрі Далер Жума қатысты. Сондай-ақ, төрт елдің энергетика компанияларының басшылары мен сала бойынша жауапты мамандары да келіссөздерде белсенді болды.

Келіссөздер барысында кейінгі жылдары мемлекет басшыларының бастамаларымен жолға қойылған көпжақты ынтымақтастық барлық бағыттарда жүйелі дамып келе жатқаны атап өтілді. Әсіресе, отын-энергетика саласындағы үйлестірілген шаралар аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отырғаны айтылды.


Жиында биылғы күз-қыс маусымын тиімді өткізу, вегетация кезеңінде су-энергетика жүйелерінің тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сонымен қатар өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері жан-жақты қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар аймақтық энергетикалық қауіпсіздік пен су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында бірлескен іс-қимылдардың жаңа бағдарламаларын әзірлеуге уағдаласты. Сонымен қатар, тараптар желілердің жұмыс режимдері бойынша үйлестірілген кестелерге сай келісімге қол жеткізді.