Швейцария жараланған украин сарбаздарын емдеуден бас тартты
Швейцария соғыста жараланған украиндық сарбаздарды емдеуден бас тартты.
Swiss Info басылымының хабарлауынша, бұл жағдайға елдің бейтарап ұстанымда болғандығы себеп ретінде айтылған.
Украина әскеріне көмек көрсету туралы өтінішті НАТО бөлімшесі – Еуроатлантикалық апаттарға әрекет етуді үйлестіру орталығы жасады. Бұл құрылымның мамандары халықаралық деңгейде жараланған украиндықтарды эвакуациялаумен айналысады.
НАТО-ның өтінішін Швейцарияның Медициналық қызметі, Қоғамдық денсаулық сақтау федералды басқармасы және Федералдық Сыртқы істер департаменті қарады. Швейцария шенеуніктері тергеу жүргізді, бірақ үш аптадан кейін НАТО-ның өтінішін «заңды және практикалық себептермен» қабылдамады. Ресми Берн жараланған украиндық сарбаздарды емдеу «бейтарап мемлекет мәртебесіне қайшы келеді» деп санайды.
Дегенмен Швейцария Украинаға гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеген.