Шерзод Шерматов ZTE компаниясымен дата-орталықтарды дамыту мәселесін талқылады
Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов Қытайдың ZTE компаниясы өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында компания мамандары Өзбекстанда дата-орталықтар құру және дамытуға арналған тұжырымдамалық шешімдер мен техникалық ұсыныстарын таныстырды. Атап айтқанда, дата-орталықтардың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, энергиямен жабдықтау, резервтік электр көздері, салқындату жүйелері, ақпараттық қауіпсіздік және инженерлік инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ жобаның келесі кезеңдерін тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы жұмыс тобын құру және техникалық мәселелерді бірлесіп пысықтау жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Кездесуде ZTE компаниясының әлемнің түрлі елдерінде жүзеге асырған GovTech жобалары мен цифрлық трансформация саласындағы халықаралық тәжірибесі де таныстырылды. Тараптар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологиялық шешімдерді енгізу бағытындағы шетелдік тәжірибе жөнінде пікір алмасты.

Айта кетейік, бұған дейін «GSMA M360 Eurasia 2026» халықаралық форумы аясында ZTE компаниясының аға вице-президенті Чжан Цзянпэнмен кездесу өтіп, дата-орталықтардың қызметін кеңейту және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланған болатын.
Кездесу қорытындысында тараптар дата-орталықтар құру жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға, жобаның келесі кезеңдерін жүзеге асыруға және осы бағыттағы практикалық жұмыстарды жеделдетуге дайын екендерін білдірді.