Самарқандтың жүрегіндегі «Мәңгілік қала» – өткен мен бүгінді жалғаған мәдени мекен
ФОТОРЕПОРТАЖ
2022 жылы ашылған «Silk Road Samarkand» халықаралық туристік орталығының құрамындағы «Мәңгілік қала» – тарихтың рухын заманауи сәулетпен ұштастырған бірегей тарихи-этнографиялық кешен. Мұнда келген әрбір қонақ ғасырлар қойнауына саяхат жасап, Өзбекстанның бай мәдени мұрасымен жақын таныса алады.
Кешен аумағында 30-дан астам қолөнер шеберханасы орналасқан. Онда Самарқанд пен жалпы Өзбекстанға тән ағаш ою, қыш өнері, ежелгі қағаз жасау, ұсталық, зергерлік және кілем тоқу секілді ата кәсіптердің қыр-сыры көпшілікке көрсетіледі. Шеберлердің көз алдыңызда жасаған туындылары ұлттық қолөнердің өміршеңдігін айқын аңғартады.
[gallery-30313]
«Мәңгілік қаладағы» ерекше орындардың бірі – 30-дан астам тарихи тұлғаның балауыз мүсіні қойылған музей. Сондай-ақ жеке коллекция негізінде жасақталған Құран музейі де келушілерді бейжай қалдырмайды. Мұнда қасиетті Құранның 50-ден астам көне әрі сирек қолжазбасы, Сауд Арабиясынан әкелінген Қағба жамылғысының бір бөлігі және ислам өркениетіне қатысты басқа да баға жетпес жәдігерлер сақталған.
Самарқандтағы «Мәңгілік қала» – жай ғана туристік нысан емес. Ол – Өзбекстанның сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін, ұлттық қолөнері мен рухани құндылықтарын бүгінгі заманның мүмкіндіктерімен үйлестіріп таныстыратын ерекше мәдени кеңістік. Бұл жерге келген әрбір жан өткеннің тынысын сезініп, Ұлы Жібек жолының мәңгілік рухымен қауышады.
суреттерді түсірген А.Исроилов, ӨзА