Самарқандта Өзбекстан–Грузия алғашқы туризм форумы өтті
Самарқанд қаласында Өзбекстан мен Грузия арасындағы алғашқы туризм форумы өтті.
Форумның ашылуында Өзбекстан Республикасы Туризм комитеті төрағасының орынбасары Санжар Тожиев пен Грузия Туризм қауымдастығының төрайымы Натали Квачантирадзе сөз сөйлеп, туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған осынау форум Өзбекстан мен Грузия арасындағы туристік байланысты нығайту, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру және туристер ағынын арттыру тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

– Бүгінгі форум Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевтің биыл 2–3 шілде күндері Грузияға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген маңызды келісімдердің нәтижесінде ұйымдастырылды, – деді Туризм комитеті төрағасының орынбасары Санжар Тожиев. – Іс-шараға екі елдің туризм саласына жауапты өкілдері, кәсіпкерлер мен туристік компаниялардың өкілдері қатысуда. Екі тарапта да мәдени, зиярат, гастрономиялық, экологиялық және MICE туризмі бағыттарында үлкен мүмкіндік бар. Сонымен қатар тікелей әуе қатынасын дамыту, туроператорлар арасындағы ынтымақтастықты күшейту және медиа-турлар ұйымдастыру арқылы елдеріміз арасындағы туристер ағынын арттыруды көздеп отырмыз. Форум нақты келісімдер мен практикалық жобаларға ұласып, Өзбекстан мен Грузия арасындағы туризм саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді.


Форум барысында Өзбекстан мен Грузияның туристік әлеуеті таныстырылып, тиісті презентациялар өткізілді. Туристік өнімдерді ілгерілету, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру және туристік компаниялар арасында тікелей байланыс орнату мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ сала өкілдері арасында B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.

Грузияның туризм саласының өкілдері Самарқанд халықаралық туризм орталығы мен басқа да нысандарды аралап, өңірдің туристік мүмкіндіктерімен жақыннан танысты.