Самарқандта өзбек-қазақ ғылыми-шығармашылық зиялыларының екінші форумы өтті
Қазақстан Парламенті делегациясының Өзбекстанға сапары аясында Самарқанд қаласындағы «Жібек жолы» халықаралық туризм және мәдени мұра университеті базасында өзбек-қазақ ғылыми-шығармашылық зиялыларының екінші форумы өтті.
«Ортақ өткеннен – ортақ болашаққа» атты бұл тағылымды жиынға Өзбекстан мен Қазақстан парламенттерінің мүшелері, көрнекті ғалымдар мен жас зерттеушілер, мәдениет пен өнер қайраткерлері, шығармашылық өкілдері қатысты. Форумның мазмұны – тамыры бір, тағдыры сабақтас халықтардың рухани үндестігін айқындай түскен маңызды алаңға айналды.
Іс-шараға қатысушылар алдымен өзбек және қазақ халықтарының қолөнершілері мен қаламгерлерінің туындылары қойылған көрмені, ұлттық киім үлгілерін, сондай-ақ инновациялар мен заманауи технологиялар экспозициясын тамашалады. Бұл көрмелер екі халықтың дәстүрі мен жаңашылдығын тоғыстырған рухани көпір іспетті әсер қалдырды.
Форумның ашылу салтанатында Танзила Нарбаева мен Маулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланыстар бүгінгі таңда Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігері мен ортақ ұмтылысының арқасында жаңа мазмұнмен толығып келе жатқанын атап өтті.
Әсіресе мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықтың мәні ерекше екені айтылды. Өйткені ол – түбі бір халықтардың рухани тұтастығын нығайтып, ата-бабадан мұра болған ғылым мен білімді, дәстүр мен құндылықтарды сақтап, оны әлемге кеңінен танытуға қызмет етеді. Білім беру, ғылым, әдебиет пен өнер салаларындағы байланыстар бүгінде нақты нәтижелер беріп отыр. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда Өзбекстан мәдениеті мен өзбек халқының көпғасырлық дәстүрлерін насихаттауға бағытталған ондаған мәдени-гуманитарлық шаралар өткізілді.
Қазақстандық өнерпаздар мен ғалымдар «Шығыс әуендері» фестивалі, халықаралық мақам және жыраулар фестивальдері, қолөнер көрмелеріне тұрақты түрде қатысып келеді. Сонымен қатар, екі елдің ғылым академиялары, жоғары оқу орындары, музейлері мен шығармашылық ұйымдары арасында берік әрі нәтижелі әріптестік қалыптасқан. Қазіргі таңда Қазақстандағы 116 білім беру мекемесінде 8,5 мыңнан астам өзбекстандық студент білім алып жатқаны – осы ықпалдастықтың айқын көрінісі.
– Зиялылар форумы – жай ғана кездесу емес, бұл – тарихы мен мәдениеті ортақ, болашаққа бірге бағыт алған халықтардың рухани серіктестігін нығайтатын маңызды тетік, – деді Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева. – Өткен жылы Астана қаласында өткен алғашқы форум зиялы қауым арасындағы мазмұнды диалог алаңына айналса, бүгін Самарқандта ол дәстүрлі сипат алып, екі елдің шығармашылық және ғылыми элитасын тағы да тоғыстырды.
Форум барысында сөз алған ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ақындар, өнер иелері халықтар арасындағы ежелгі достық пен бауырластық байланыстардың мәнін тереңнен қозғап, оны жаңа кезеңде дамыту жолдарына тоқталды. Бірлескен шығармашылық жобалар мен келешек бастамалар да кеңінен талқыланды.
[gallery-28683]
– Өзбекстан Ғылым академиясы және басқа да ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнаттық, – дейді Қазақстан Ғылым академиясы вице-президенті Асқар Жұмаділдаев. – Бірлесіп халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізіп келеміз, бұл екі елдің ғылым саласы өкілдері үшін де тиімді нәтижелер беруде. Ал зиялы қауым форумы – бетпе-бет пікір алмасып, тәжірибе бөлісуге, жаңа ортақ бастамалар мен жобаларды талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Форумнан кейін Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Маулен Әшімбаев бастаған делегация Имам Бұхари мемориалдық кешені мен Самарқандтағы өзге де тарихи-мәдени нысандарды аралап, өңірдің бай мұрасымен танысты.
Осылайша, Самарқанд төрінде өткен бұл форум – ортақ тарих пен тағдыр тоғыстырған қос халықтың рухани жақындастығын тереңдетіп, болашаққа бірге қадам басуға бағытталған тағылымды басқосу ретінде есте қалды.
суреттерді түсірген А.Исроилов, ӨзА