Самарқандта халықаралық экологиялық көрме өтеді
Биыл 2–4 маусым күндері Самарқанд қаласындағы «Silk Road Samarkand» кешенінің экспоорталығында Ғаламдық экологиялық қордың (GEF) VIII Ассамблеясы аясында «Eco Expo Central Asia 2026» халықаралық көрмесі өтеді.
Көрме Өзбекстан Экология және климаттың өзгеруі комитеті мен «Business Congress Management» компаниясы бірге ұйымдастырып отыр. Іс-шараның мақсаты – экологиялық тұрақтылықты нығайту, «жасыл» экономиканы дамыту, инновациялық экологиялық технологияларды енгізу, сондай-ақ тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өткен жылы Ташкент қаласында өткен «Eco Expo Central Asia 2025» көрмесі Орталық Азиядағы экология саласындағы алғашқы ірі көрме болған. Оған шамамен 7,5 мың жергілікті және шетелдік қатысушы келген.
Биылғы шараға 10 мыңға жуық қатысушы мен Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Ғаламдық жасыл өсу институты сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
Көрме аясында экологиялық өнімдер мен қызметтерге арналған 68-тен астам павильон ұйымдастырылады. Оларда Науаи және Алмалық тау-кен металлургия комбинаттары, AKFA, Жызақ аккумулятор зауыты, «Узкимёсаноат» АҚ, сондай-ақ шетелдік компаниялар – Vision Invest (Сауд Арабиясы), SUEZ (Франция), Cevia Environment (ҚХР), KOMOTO (Жапония), EPSOY (Финляндия), Siberian Wellness (Ресей), Bell Energy (БАӘ), Oizom Instruments (Үндістан) және басқа да ұйымдар өз өнімдерін таныстырады.
Сонымен қатар, инновациялық экологиялық стартаптарға арналған қосымша 20 павильон қарастырылған.
Көрме барысында «жасыл» энергетика, қалдықтарды қайта өңдеу, су ресурстарын басқару, климатқа бейімделу және тұрақты даму тақырыптарына арналған 50-ден астам сайд-ивент, форумдар мен таныстырылымдар өткізу жоспарланған.