Самарқандта Жас парламентшілердің XII жаһандық конференциясы өтеді
Биыл 4–6 қыркүйек күндері Самарқанд қаласында Өзбекстан Олий Мажлисі Сенаты мен Парламентаралық Одақтың ынтымақтастығымен «Күрделі кезеңде адам құқықтары, әділеттілік және адам қадір-қасиетін қалпына келтіру жолында» тақырыбында Жас парламентшілердің XII жаһандық конференциясы өтеді.
Парламенттің жоғарғы палатасының мәліметінше, халықаралық жиын Өзбекстан Президентінің бастамасымен жастардың қоғам мен мемлекет өміріне белсенді қатысуын кеңейтуге, олардың парламент қызметіндегі рөлін күшейтуге, жас ұрпақ өкілдері арасында жаһандық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың практикалық көрінісі болмақ.
Конференцияға 183 елден, 15 халықаралық ұйымнан өкілдер және 50-ге жуық тұрақты бақылаушыдан құралған 300-ге жуық қатысушының келуі күтілуде. Олардың қатарында жас парламентшілер, парламент басшылары мен депутаттары, халықаралық ұйымдар және азаматтық қоғам институттарының өкілдері бар.
Жиын барысында жас парламентшілер қазіргі әлем алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылап, адам құқықтары мен қадір-қасиетін қамтамасыз ету, әділеттілік қағидаттарын нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі жастардың рөлін арттыру мәселелері бойынша пікір және тәжірибе алмасады.
Сонымен қатар конференция аясында Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі парламентаралық ынтымақтастыққа арналған III жаһандық форум өткізіледі.
Бүгінде әлемде жедел өзгерістер, жаңа қауіп-қатерлер байқалып отырған жағдайда жастардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын қамтамасыз ету, олардың әлеуеті мен бастамаларын қолдау барған сайын маңызды бола түсуде. Осы тұрғыдан алғанда, бұл конференция жас парламентшілер үшін тәжірибе және пікір алмасатын ғана емес, нақты бастамаларды ілгерілетуге және практикалық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаң болмақ.
Самарқандта өтетін бұл беделді халықаралық жиын Өзбекстанның парламентаралық диалогты дамыту, жастар дипломатиясын қолдау және жаһандық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы белсенді ұстанымын көрсетеді.