Ресей дрондары Украинадағы жанармай құю бекетіне шабуыл жасады
Украинаның Николаев облысында орналасқан SOCAR компаниясына тиесілі жанармай құю бекеті Ресей қарулы күштерінің дрондарымен жасалған шабуылға тап болды.
Trend.az агенттігінің хабарлауынша, шабуыл салдарынан кешен аумағында күшті жарылыс болып, әкімшілік ғимаратқа зақым келген.
Оқиға 5 шілде кешкісін Нечаяне ауылындағы Одесса көшесінің 2-А мекенжайында болған. «SOCAR Energy Ukraine» компаниясының мәліметінше, нысанға «Шахед» үлгісіндегі үш соққы беруші дрон шабуыл жасаған. Әуе шабуылы туралы ескерту талаптары қатаң сақталып, қауіпсіздік шаралары алдын ала қабылданған әрі арнайы паналау орнының болуының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болған.
Кейінгі уақытта Ресей Украина аумағындағы жанармай құю бекеттеріне әуеден шабуыл жасауды жиілеткен.
Еске салар болсақ, өткен жылы Житомир облысының Березина ауылындағы жарылыс салдарынан «SOCAR Energy Ukraine» құрамындағы екі кешенге елеулі зақым келген болатын. Сондай-ақ 8 тамызға қараған түні Одесса облысындағы SOCAR мұнай қоймасына жасалған дрон шабуылы салдарынан өрт шығып, төрт адам ауыр жарақат алған еді.