Иран Кувейттегі АҚШ әскери базаларына дрондармен соққы жасады
Иран Қарулы күштері Кувейт аумағындағы АҚШ-тың әскери инфрақұрылымына ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасағанын мәлімдеді.
«Fars» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл жолы нысана ретінде америкалық әскери бөлімдер мен логистикалық орталықтар таңдалған. Шабуыл кезінде Иранда өндірілген «Arash» дрондары қолданылған. Иран әскери өкілдерінің айтуынша, бұл операция «Найзағай» операциясының 12-кезеңі аясында жүзеге асырылған.
Сондай-ақ осындай дрондар арқылы Бахрейндегі Сахир әуе базасында орналасқан АҚШ Әуе күштерінің нысандары да шабуылға ұшырағаны хабарланды. Бұдан бөлек, Ирак пен Қатардың бірнеше өңірінде жарылыстар болғаны туралы ақпарат тарады.
Ресми Тегеран бұл әскери әрекеттерді АҚШ армиясының кейінгі шабуылдарына жауап ретінде жүзеге асырғанын мәлімдеді.