Қазақстан Республикасының Парламенті Өзбекстанмен тұтқындарды алмасу туралы келісімді ратификациялады.
Сенат сайтындағы хабарға сәйкес ҚР Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен 9 ақпанда Палата отырысы өтіп, онда депутаттар бірқатар заңды қарап, мақұлдады.
«Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады», делінген хабарламада.
Бұл Шарттың мақсаты – сотталғандардың жазасын өз елдерінде өтеуіне, түзеліп, қоғамдық өмірге қайта бейімделуіне жәрдемдесу. Сенат Төрағасы атап өткендей, заң бауырлас екі ел арасында құқық қорғау саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні айтылған ақпаратта.