Қазақ
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекет орнату жобасын бастамақ

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба аясында Қазақстан мен Өзбекстан аумағында бес-бестен нысан салынады.

Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленген бұл жоба трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта GIZ осы жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеуді аяқтаған.

-Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз, – деген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, аталған мәселе Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастарының барлық бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы, сондай-ақ Орталық Азияда өзара тиімді әрі орнықты су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін әзірлеу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы аясында талқыланған.

Отырыстарға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Тараптар екіжақты су және су-энергетикалық ынтымақтастық салаларындағы негізгі мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары қаралды. Былтыр Қазақстан тарапы каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторларында және бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Тараптар сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті, делінген хабарламада.