Қазақстанның «KMG Petrochem» ЖШС делегациясы «Uzbekistan GTL» ЖШС зауытының жұмысымен танысты.
Іссапар аясында делегация өзбек тарапымен синтетикалық отын өндіру саласындағы озық тәжірибе алмасу, ынтымақтастықтың болашағын зерделеу және алда жүзеге асырылуы мүмкін жобалар бойынша келіссөздер жүргізді.
«Uzbekistan GTL» зауыты — Өзбекстандағы ең ірі әрі заманауи синтетикалық отын өндіретін кәсіпорындардың бірі. Қашқадария облысында орналасқан бұл кәсіпорынның жобалық құны шамамен 3,6 миллиард АҚШ долларын құрайды. Зауыт жылына 1,5 миллион тоннадан астам синтетикалық дизель отыны, авиакеросин, нафта және сұйытылған газ өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорын Оңтүстік Африкада жасалған озық GTL (Gas-to-Liquids – газдан сұйық өнім алу) технологиясы негізінде табиғи газды қайта өңдеп, халықаралық стандарттарға толық сай келетін өнім шығарады. Сонымен қатар, зауытта өндірістің тиімділігін арттыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ресурстарды үнемдеуге айрықша көңіл бөлінеді.
Сапар барысында қонақтарға жауапты мамандардың жетекшілігімен жоспарлы жөндеу жұмыстарының қорытындылары және жөндеуден кейінгі өндірістік көрсеткіштер жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ, делегацияға зауыттың негізгі құрылғылары бойынша техникалық экскурсия ұйымдастырылып, өндіріс үдерісімен, технологиялық шешімдермен және жоғары дәлдіктегі бақылау жүйелерімен жақын танысты.
Сонымен қатар, сапар аясында тұрақты даму және экологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық бағыттары да талқыланды.
«Узбекнефтгаз» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық қонақтарға зауытта өндіріліп жатқан синтетикалық отын өнімдерінің қазіргі жай-күйі, сапа көрсеткіштері мен халықаралық стандарттарға сәйкестігі, сондай-ақ өнімді сақтау, сату және тұтынушыларға жеткізу үдерістері туралы кең көлемді ақпарат ұсынылды.