Президент жаңғыртылған Темір әулеті тарихы мемлекеттік музейіне барды
Президент Шавкат Мирзиёев Сайыпқыран Әмір Темірдің 690 жылдығына орай қайта жаңғыртылған Темір әулеті тарихы мемлекеттік музейіне барды.
Мауараннахрды біртұтас мемлекет ретінде біріктірген Сайыпқыран қуатты империя құрғаны белгілі. Оның астанасы Самарқанд болды. Ол өзінің әлемге әйгілі «Темір заңдары» арқылы мемлекетті басқарудың құқықтық негіздерін қалыптастырды. Сонымен қатар ғылым мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, Екінші өрлеу дәуірі – темурилер Ренессансы негізін қалады.

Оның дәуірінде бой көтерген теңдессіз сәулет ескерткіштері бүгінде өзбек халқының ұлттық мақтанышы әрі мәңгілік тарихи мұрасы ретінде қызмет етіп отыр.
Ұлы қолбасшының «Әрбір істе әділет біздің серігіміз әрі ұстанымымыз болсын» деген даналық сөзі бүгінгі Жаңа Өзбекстандағы реформаларда айқын көрініс тауып келеді.

Осы ұлы тұлғаның 690 жылдығын кең көлемде атап өту мақсатында биыл 5 ақпанда Мемлекет басшысының тиісті қаулысы қабылданды.

Құжатқа сәйкес, жыл сайын сәуір айы «Әмір Темір айлығы» деп жарияланып, білім беру мекемелерінде, ғылыми орталықтар мен махаллаларда теміртанушы ғалымдар, жазушылар мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер және ағартушылық іс-шаралар өткізіледі.

Қаулы аясында әлемнің жетекші музейлерінің озық тәжірибелері негізінде Темір әулеті тарихы мемлекеттік музейі қайта жаңғыртылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Цифрландыру арқылы оның мүмкіндіктері кеңейтіліп, экспозициялары жаңартылды, сондай-ақ шетелдік коллекциялардан алынған экспонаттармен толықтырылды.

Атап айтқанда, музейдің бірінші қабатында «Ұлы Сайыпқыран – Екінші Ренессанс негізін қалаушы» бөлімі ашылды. Ал екінші қабатта жасанды интеллект пен «ақылды» технологиялар негізінде Әмір Темір дәуірі мен темурилерге қатысты интерактивті экспозициялар орналастырылған. Сонымен қатар 3D форматтағы экспонаттар мен карталар да ұсынылған.

Мемлекет басшысы музейідің жаңартылған экспозициясымен және келушілерге жасалған жағдайлармен таныса отырып, ата-баба мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Бізде әлем жұрты қызығарлықтай тарихымыз бен мұрамыз бар. Сайыпқыран тарихын қамтыған музейдің заманауи келбетке ие болғаны құптарлық. Ендігі басты міндет – оны халқымызға, жастарға және шетелдік қонақтарға жеткізу. Жаңа Өзбекстанды дамыту үшін қажетті білімнің бәрі – ата-бабаларымыз қалдырған мұра мен ғылымда. Сондықтан жастарды, ақсақалдарды, жалпы халықты махалла деңгейінде музейлерге алып келіп, ұлы тарихымыз туралы білімін арттыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.


Президент Шавкат Мирзиёев сапар барысында музейдің құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.