Мемлекет басшысы мәдени мұраны қорғау және музей ісін дамыту жөніндегі ұсыныстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев мәдени мұраны сақтау, музей ісін дамыту және Өзбекстан мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау жөніндегі алдағы міндеттер туралы тұсаукесермен танысты.
Кейінгі жылдары республикада тарихи мұраны қорғау, ескерткіштерді қалпына келтіру, музейлерді жаңғырту және халықаралық мәдени байланыстарды кеңейтуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттар ұлттық болмысты нығайтып қана қоймай, елдің туристік тартымдылығын арттырудың маңызды тетігіне айналды.

Мәдени мұраны халықаралық деңгейде таныту бағытында да маңызды нәтижелер бар. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында «Ташкент модернизмінің сәулеті: Орталық Азиядағы заманауилық пен дәстүрлер» ұлттық номинациясы Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілді. Осылайша Өзбекстан ХХ ғасыр модернизмінің сәулеттік мұрасы осындай мәртебеге ие болған Орталық Азия мен ТМД кеңістігіндегі алғашқы ел атанды. Номинацияға Ташкенттегі 10 маңызды нысан енді. Бұл – Өзбекстанның соңғы 25 жылда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы ұлттық номинациясы.

Белсенді саяси-дипломатиялық жұмыстардың нәтижесінде «Күн» гелиомұрасы да Бүкіләлемдік мұра нысандарының құрамында сақталып қалды.
Жаңа халықаралық мәртебе Ташкенттің сәулеттік мұрасын зерттеу мен қорғауға, мәдени туризмді дамытуға, шетелдік зерттеушілерді, сәулетшілер мен халықаралық сарапшыларды тартуға қосымша мүмкіндік береді. Осыған байланысты 2026-2030 жылдарға арналған Ташкент модернизмі сәулетін сақтау және насихаттау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне «Зомин таулары» табиғи нысанын енгізу жөніндегі номинацияны әзірлеу мәселесі қаралды. Бұл аумаққа Зомин мемлекеттік қорығы мен Зомин ұлттық табиғи паркі кіреді. Мұнда құнды арша ормандары мен сирек кездесетін жануарлар мен құстар мекендейтін бірегей таулы табиғи кешен орналасқан.

Таныстырылымда Өзбекстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы хатшылығының жұмысын жетілдіру мәселелеріне де назар аударылды. Хатшылықтың ЮНЕСКО-ның Шығармашылық қалалар желісіне, білім беруші қалалар желісіне, қауымдастырылған мектептер желісіне, ЮНЕСКО кафедраларына, қауымдастықтар мен клубтарға, сондай-ақ жаһандық геопарктер желісіне елдің қатысуын үйлестіру жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту ұсынылды.
Мәдени мұраны қорғау саласында соңғы жылдары мемлекеттік бюджеттен 466,4 миллиард сум бөлініп, 305 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Оның 55-інде жұмыстар аяқталса, 152 нысанда қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен бірге 8 183 мәдени мұра нысанының кадастрлық құжаттары рәсімделді. Ескерткіштерді қысқа мерзімге жалға беру арқылы 4 187 кәсіпкерлік субъектісі тартылып, салалық қорға 27,9 миллиард сум бағытталды. 2025 жылы 52 нысанға жалпы құны 152,9 миллиард сум болатын отандық және шетелдік инвестиция тартылды.
Өзбекстанда Heritage Impact Assessment (HIA) – мұраға әсерді бағалаудың жаңа жүйесін енгізу қарқынды құрылыс пен инфрақұрылымдық даму жағдайында Бұхара, Самарқанд, Хиуа, Шахрисабз сияқты бірегей тарихи қалалар мен Ташкенттің модернистік сәулетін қорғауда маңызды қадам болмақ.
Салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану да көзделуде. Мәдени мұраның бірыңғай цифрлық платформасын, нысандардың цифрлық егіздерін және ашық деректер жүйесін құру, сондай-ақ ахуалдық орталық ашу ұсынылды. Ол заттар интернеті сенсорлары, спутниктік деректер, бейнеталдау және жасанды интеллект арқылы тарихи нысандардың жай-күйін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. 2030 жылға дейін барлық мәдени мұра нысандарын цифрландыру жоспарланған.
Туристік жүктемені тиімді басқару үшін келушілер ағынын басқару жүйесін енгізу, цифрлық билеттерді қолдану аясын кеңейту, туристер ағынын алдын ала болжау және қажет болған жағдайда жекелеген нысандарға келушілер санына шектеу қою жоспарлануда. Кадр даярлау бағытында мәдени мұраны қорғау саласына қажетті мамандарды даярлау жүйесін қалыптастыру, Бұхарада мамандандырылған реставрация жоғары мектебін ашу, Археология институтының өңірлік филиалдарын дамыту және реставраторларды лицензиялау жүйесін енгізу көзделген.
Тарихи мұра мен заманауи инфрақұрылымды үйлестіретін жаңа жобалар да қаралды. Атап айтқанда, дәстүрлі әдістерді заманауи жобалау, өндіріс және реставрация технологияларымен ұштастыратын мамандандырылған мозаика орталығын құру ұсынылды. Орталық Ташкенттің мозаика өнері мектебін сақтап, осы бағытта мамандар даярлауға және монументалды өнердің жаңа бағытын дамытуға мүмкіндік беретін шығармашылық алаңға айналады.
Ичан-қала музей-қорығы аумағында «Аллақулихан керуенсарайы» сауда орталығын құру жобасы жеке қаралды. Сауда орындарының ретсіз орналасуы тарихи нысандардың көркемдік тұтастығына нұқсан келтіріп, туристерге қолайсыздық туғызатыны атап өтілді. Жаңа жоба дәстүрлі сауда мәдениетін сақтауға, қолөнершілерге қажетті жағдай жасауға, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізуге және жаңа туристік нысан қалыптастыруға бағытталған.
Алдағы уақытта материалдық емес мәдени мұраны сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында «Хунарманд» республикалық қауымдастығы Өзбекстан Республикасы Мәдени мұра агенттігімен бірлесіп жұмыс істейді.
Самарқандта «Aga Khan Trust for Culture» қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Бибіханым кешенін консервациялау және реставрациялау жобасына ерекше назар аударылды. Жоба мәдени мұра нысандарын сәулеттік тұрғыдан сақтау, ғылыми зерттеу және реставрациялау жұмыстарын ұйымдастыруда халықаралық стандарттарды енгізуді көздейді.
Жоба аясында ескерткішті құжаттандыру және зерттеу, археологиялық әрі инженерлік сараптамалар жүргізу, құрылыс материалдарын талдау, конструкциялық модельдеу және реставрациялық шешімдер әзірлеу жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар жергілікті мамандарды даярлауға ерекше мән беріледі. Кейінгі кезеңдерде негізгі күмбез бен оған жалғасқан құрылыстарды консервациялау, аумақты абаттандыру және музей экспозициясын жасау жоспарланып отыр.
Әртүрлі тарихи кезеңдерде елімізден әкетілген бірегей тарихи жәдігерлерді, археологиялық бұйымдарды, сирек қолжазбалар мен өнер туындыларын жүйелі түрде іздеу, құқықтық қорғау және елге қайтару мақсатында Өзбекстан Республикасының Президенті жанынан мәдени құндылықтарды елге қайтару жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылданды.
Жиында 2027-2035 жылдарға арналған Мәдени мұраны дамыту стратегиясының жобасы бойынша ұсыныстар да қаралды. Құжатта мәдени мұраны цифрландыру, материалдық және материалдық емес мұраны сақтау, мәдени құндылықтарды елге қайтару, табиғи мұраны қорғау және реставрация саласын дамыту жөніндегі шаралар қамтылған.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды жетілдіріп, белгіленген міндеттердің нақты орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.