Дохада Қатар мен Түркияның делдалдығымен екі ел өкілдері арасында келіссөздер өтті.
Қатар Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, тараптар дереу оқ атуды тоқтатып, тұрақты бейбітшілікті нығайту тетіктерін құру жөнінде уағдаласты.
Пәкістанның Қорғаныс министрі Хожа Мұхаммед Асиф келісімнің қол қойылғанын растады. Оның айтуынша, делегациялар келіссөздерді жалғастыру мақсатында қазанның 25-і күні Ыстанбұлда қайта кездеседі.
Еске сала кетсек, қазанның 11-і күні Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыстар болып, ондаған әскер қаза тапқан еді. «Талибан» өкілдері бұл операция Пәкістанның Ауғанстан әуе кеңістігін бұзып, жергілікті базарға соққы берген әрекеттеріне жауап ретінде жасалғанын мәлімдеді. Ал Пәкістан өз кезегінде ауған күштерін бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды деп айыптап, «Үндістан жағдайындағыдай қатал жауап береміз» деп ескерткен.
Қақтығыстың ушығуы Пәкістан Ауғанстанды жергілікті талибтерді қолдауда айыптап жатқан және Ауғанстан мен Үндістан арасындағы жақындасу фонында орын алды.