Пәкістанның Әскери-теңіз күштері жаңа сүңгуір қайықты сынақтан өткізді
Пәкістан Әскери-теңіз күштерінің құрамына жақында қабылданған «PNS/M HANGOR» сүңгуір қайығы Араб теңізінің солтүстік бөлігінде зымырандық қаруды алғаш рет сынақтан сәтті өткізді.
«Associated Press of Pakistan» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жауынгерлік әзірлігін көрсеткен сүңгуір қайық қанатты зымыранмен алыстағы шартты нысана — кемені дәл көздеп, жойған.
Қару сынағын жеке өзі бақылаған Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы, адмирал Навид Ашраф сүңгуір қайықтың жоғары жауынгерлік мүмкіндіктерін атап өткен.
Сынақ барысында көрсетілген нәтиже мен суасты флотын одан әрі дамыту елдің теңіз шекараларының қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға стратегиялық тұрғыдан маңызды екені айтылады хабарламада.