Пәкістан мен Қытай теңіз саласындағы ынтымақтастықты нығайтып келеді
Өткен аптада Қытайдың Циндао қаласында өткен Теңіз ынтымақтастығы форумына Пәкістанның ресми өкілдері мен ғалымдары белсенді қатысты.
«Associated Press of Pakistan» хабарынша, жиынға Пәкістан, Қытай, Шри-Ланка, Бангладеш, Мальдив аралдары және Оңтүстік Азияның басқа да елдерінен 100-ге жуық өкіл жиналып, теңіз ғылымы, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және тұрақты «жасыл экономиканы» дамыту мәселелерін талқылады. Іс-шара қорытындысында Пәкістан мен Қытайдың өңірлік байланыстарын нығайтуға бағытталған ортақ ынтымақтастық бастамасы қабылданды.
Қатысушылар үш негізгі бағыт — мұхит пен климатты бақылау, табиғи апаттардың алдын алу, теңіз экожүйесін қорғау және ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасты. Пәкістанның Ұлттық океанография институтының бас директоры Наъматулла Сохо мен Ласбела ауыл шаруашылығы, су және теңіз ғылымдары университетінің ректоры Абдул Малик баяндама жасап, мұхитты қорғау және мамандар даярлау бағытында Қытай тарапы көрсетіп отырған ауқымды қолдауды ерекше атап өткен.
Пәкістандық мамандардың айтуынша, алдағы айларда мұхит ортасын қорғау және экологиялық жобаларды жүзеге асыру бағытында нақты практикалық қадамдар жасалады деп күтілуде.