Өзбекстан Президенті АҚШ Мемлекеттік хатшысын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 19 қазан күні «C5+1» форматындағы министрлер кездесуіне және Америка – Өзбекстан іскерлік және инвестициялық кеңесінің екінші отырысына қатысу үшін елімізге келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы қабылдады.
Кездесу басында Марко Рубио Мемлекет басшысына АҚШ Президенті Дональд Трамптың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Сұхбат барысында Өзбекстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүйелі түрде жүзеге асыруға назар аударылды.

АҚШ пен Орталық Азия елдерінің диалогты нығайтуға және көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін растаған «C5+1» форматындағы кезекті министрлер кездесуінің қорытындысына жоғары баға берілді.
Саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестиция, инновациялар мен технологиялар, білім және мәдениет сияқты басым бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың жанданғаны атап өтілді.
Екі елдің парламенттері мен ведомстволары арасында тікелей әрі сындарлы диалог жолға қойылған, іскер топтар мен академиялық қауымдастық арасындағы байланыстар кеңейіп келеді.

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, ең алдымен, терроризмге, экстремизмге, есірткі заттарының заңсыз айналымына және заңсыз көші-қонға қарсы күрес бағыттарында нығайып келеді.
Өзбекстан мен АҚШ арасында Кеңейтілген стратегиялық серіктестік диалогының жолға қойылуы екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды қадам болды. Оның алғашқы отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, соның ішінде ғарышты бейбіт мақсатта игеру саласындағы «Артемида» келісімдеріне қол қойылды.
Экономикалық ынтымақтастық стратегиялық серіктестіктің негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Жыл басынан бері өзара тауар айналымы 35 пайызға өсті. Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында азаматтық авиация, автомобиль жасау, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және қаржы салаларында ірі жобалар табысты жүзеге асырылуда.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуда Іскерлік және инвестициялық кеңестің рөлі зор екені атап өтілді. Кеңестің бүгінгі отырысы аясында жалпы құны 12 миллиард доллар болатын жаңа келісімдерге қол жеткізілді.
Гуманитарлық саладағы ынтымақтастық та дәйекті түрде кеңейіп келеді. Ташкентте Вебстер университеті, Америка технологиялар университеті және Колорадо тау-кен мектебінің құзыреттер орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Өзбекстанға келетін америкалық туристер саны да артып келеді.
Тараптар практикалық ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін де айқындады. Стратегиялық маңызы бар маңызды минералдар, энергетика, көлік, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар салаларында әріптестікті дамыту үшін зор әлеует бар.

Өңіраралық байланыстарды дамытуға және іскер топтар делегацияларының өзара сапарларын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Халықаралық саясат пен өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша да жан-жақты пікір алмасты.
Екі ел басшыларының қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралардың жоспары және олардың мазмұнын байыту мәселелері қаралды.