Өзбекстан мен Әзербайжан мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды жеделдетеді
Өзбекстан мен Әзербайжан мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды жеделдету жөніндегі алдағы міндеттерді айқындады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл мәселелер Бакуде Өзбекстан энергетика министрі Шерзод Худжаев, инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратов және Әзербайжанның «SOCAR» компаниясының президенті Ровшан Наджафтың қатысуымен өткен кездесуде талқыланған.
Кездесу барысында биыл 23–24 тамыз күндері екі ел президенттерінің қатысуымен өткен кездесулерде белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды. Мемлекет басшыларының достық бастамаларын нақты нәтижелермен толықтырып, энергетика саласындағы келісімдерді нақты жобаларға айналдыру маңызды екені атап өтілді. Тамыз айында қол қойылған Мәңгілік достық туралы шарт Өзбекстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге көтерген маңызды құжат ретінде бағаланды.
Кездесуде «SOCAR»-мен бірлесіп Өзбекстанда автокөліктерге жанармай құю станциялары желісін дамыту перспективалары қаралды. Үстірттегі инвестициялық блоктарда жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстарының қазіргі жағдайы, оларды жеделдету мүмкіндіктері және алдағы міндеттер жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар «SOCAR» мен Өзбекстан компаниялары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мұнай өңдеу қуаттарын құру, мұнай шикізаты мен мұнай өнімдерінің импортын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысында аталған бағыттардағы жобалардың қазіргі жағдайы мен жұмыстарды орындау қарқыны қаралды. Келісімдерді уақтылы жүзеге асыру, туындаған мәселелерді жедел шешу және бірлескен жобаларды дамыту жөніндегі алдағы нақты қадамдар айқындалды.