Осакада Өзбекстан ұлттық павильоны ресми түрде ашылды
Жапонияның Осака қаласында «World Expo 2025» дүниежүзілік көрмесі аясында Өзбекстан ұлттық павильоны ресми түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне Өзбекстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхсинхужа Абдурахмонов, Мәдениет және өнерді дамыту қорының басшысы Гаянэ Умерова, Осака қаласының мэрі Хидэюки Ёкояма, сондай-ақ павильон жобасының бас сәулетшісі Ширин Брюкнер қатысты.

Сондай-ақ бұл шараға Нара қаласының мэрі Ген Накагава құрметті қонақ ретінде келіп, өз ықыласын білдірді.
– Бұл беделді көрмеде ұсынылған Өзбекстан павильоны – мәдениет, технология және тұрақты даму бағыттарының шығармашылықпен тоғыстырылған ерекше кеңістігі, – деді Өзбекстан елшісі өз сөзінде. – Таңдалған тақырып – «Білім бағы». Бағдарламада қолданылған жапон қарағайы – «суги» мен өзбек керамикасы секілді экологиялық таза материалдар табиғат пен ұлттық дәстүрлерге деген терең құрметті білдіреді. Сонымен қатар, 360 градус форматтағы медиа құрылғы көрермендерді Жаңа Өзбекстанға сапар шектіріп, білім беру, жасыл энергетика және заманауи технологиялар саласындағы жетістіктермен таныстырады.

Аумағы 750 шаршы метрді құрайтын «Білім бағы» атты павильон үш бөлімнен тұрады. Жобаны жасау барысында авторлар Хорезм өңірінен, әсіресе Хива қаласынан шабыт алып, тұрақты технология мен әмбебап дизайн тәсілдерін қолданған. Сәулет өнерінің өзіндік стилі, бай мәдени мұра мен заманауи жетістіктер үйлесім тапқан бұл кеңістік көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.