«Oracle» корпорациясы жасанды интеллектке байланысты 30 мың қызметкерін жұмыстан босатты
Американың «Oracle» корпорациясы жасанды интеллектке көшу аясында 30 мың қызметкерін жұмыстан босатты.
Time басылымының хабарлауынша, компанияда 30 жыл жұмыс істеген қызметкерлердің бірі жұмыстан шығарылғанын ауруханада жатқан кезінде телефон арқылы білген.
Бұрынғы қызметкерлердің айтуынша, оларды жасанды интеллект жүйелерін жетілдіруге мәжбүрлеген.
17 сәуір күні 600 қызметкер демалыс төлемдерін арттыру, медициналық сақтандыруды ұзарту және жұмыс визасы бар қызметкерлерді қолдау жөнінде басшылыққа хат жолдаған. Алайда «Oracle» бұл өтініштерді тек жеке тәртіпте қарайтынын мәлімдеген.
Әсіресе шетелдік қызметкерлер үшін жағдайдың қиындай түскені айтылып отыр. Оларға жаңа жұмыс табу үшін 60 күн уақыт беріледі, әйтпесе АҚШ-тан кетуге мәжбүр болады.
«Oracle» — бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлейтін ірі компаниялардың бірі. Ол Microsoft компаниясынан кейін екінші орында, ал жалпы ақпараттық технологиялар саласында «Alphabet Inc.», «Microsoft» және «IBM» корпорацияларынан кейін төртінші орында тұр. 2025 жылғы мәлімет бойынша, компанияда әлем бойынша 162 мың адам жұмыс істеген.