Meta компаниясы жасанды интеллектке байланысты 8 мың қызметкерін қысқартпақ
Әлемнің алпауыт компаниясы – Meta жасанды интеллектке байланысты 8 мың қызметкерін қысқартпақ.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, алғашқы кезеңде штаттағы қызметкерлердің 10 пайызы, яғни 8 мың адам жұмыстан босатылады. Кейінгі қысқартулар жоспары жасанды интеллект технологияларының даму қарқынына қарай өзгеруі мүмкін.
Компания бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Айтылуынша, қысқартулар жасанды интеллектті қолдану нәтижесінде еңбек өнімділігінің артуымен байланысты.
Басшылық компанияның болашағын аз санды менеджерлер мен жасанды интеллект құралдарын белсенді пайдаланатын қызметкерлермен байланыстырады.
Meta бұған дейін де ірі қысқартулар жүргізген: төрт жыл бұрын 11 мың қызметкерін жұмыстан шығарса, 2023 жылдың көктемінде тағы 10 мың адамды қысқартатынын жариялаған.
2025 жылы компания Scale AI стартапына шамамен 15 млрд доллар инвестиция салды. Financial Times мәліметінше, бұл жасанды интеллект саласындағы ең ірі инвестициялардың бірі болып саналады.