Нью-Дели әуежайында ұшақтан өрт шықты
Үндістанның Нью-Дели әуежайында Цюрихке ұшуы тиіс ұшақ көкке көтерілу алдында күрделі төтенше жағдайға тап болды. Ұшақ бортындағы жүздеген жолаушы шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілген.
Индира Ганди атындағы халықаралық әуежай аумағында Swiss International Air Lines компаниясына тиесілі «Airbus A330» ұшағына қатысты төтенше жағдай тіркелді. LX147 рейсі ұшуға дайындалып жатқан сәтте қозғалтқыштарының бірінен өрт шыққан. 232 жолаушы, оның ішінде төрт сәби, арнайы құтқару траптары арқылы жедел эвакуацияланды.
Алдын ала мәлімет бойынша, әртүрлі деңгейде жарақат алған алты жолаушы ауруханаға жеткізілген, экипаж мүшелері зардап шекпеген. Қазіргі уақытта әуе компаниясы құрған арнайы комиссия оқиғаның себептерін зерттеуде, мамандар ұшақтың техникалық жағдайын тексеріп жатыр.