Мингечевирде Өзбекстан мен Әзербайжан бірлесіп жаңа тоқыма жобасын іске қосты
Әзербайжанның Мингечевир индустриялық паркінде Өзбекстан мен Әзербайжан компанияларының қатысуымен жаңа тоқыма кешенін құру жөніндегі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады.
Бұл туралы «Узтуқимачиликсаноат» қауымдастығының ақпарат қызметі хабарлады. Мәліметке сәйкес, жобаның ресми басталу рәсімі биыл 26 қыркүйекте өтті.
Оған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, «Azersheker» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Насиб Исламзода және Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясының төрағасы Музаффар Раззақов қатысты. Осы шара аясында аты аталған азаматтар кәсіпорын құрылысының басталғанын білдіретін символдық түймені басып, жобаға бастау берді.
«Textile Horizon» ЖШС жобасына Өзбекстан–Әзербайжан инвестициялық қоры, Өзбекстанның «Global Textile» ЖШС және Әзербайжанның «Azersheker» ЖШС құрылтайшы ретінде қатысып отыр.

Су жаңа кешен 11,2 гектар аумақта орналасады. Мұнда мақта өсіруден бастап дайын өнім өндіруге дейінгі үдерістерді қамтитын толық өндірістік тізбек жолға қойылады. Атап айтқанда, линт, иірімжіп, боялған мата және дайын киім-кешек өнімдерін өндіру көзделген.
Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 16 мың тонна линт, 11 мың тонна иірімжіп және 7,3 мың тонна боялған мата өндіре алады. Сонымен қатар жылдық дайын өнім көлемі 11 миллион дана көйлекке жететін болады.
Жоба аясында өндірілген өнімдерді Әзербайжанның ішкі нарығына жеткізумен қатар, сыртқы нарықтарға экспорттау да жоспарланып отыр.
Бұл бастама екі елдің тоқыма өнеркәсібіндегі өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, инвестициялық байланыстарды нығайтуға және бірлескен өндірістік жобалар санын арттыруға бағытталған. Жобаның жүзеге асырылуы Өзбекстан мен Әзербайжан компаниялары арасында жаңа ынтымақтастық бағыттарын қалыптастыруға да мүмкіндік береді.