Мемлекет басшысы жаңа Заманауи өнер орталығына барды
Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласындағы жаңа Заманауи өнер орталығына барып, мұнда жасалған жағдайлармен танысты.
Заманауи өнер орталығы – Өзбекстанның Мәдениет және өнерді дамыту қорының жетекші жобаларының бірі. Оның бой көтеруі Мемлекет басшысының бастамасы және елде мәдениетті дамыту, шығармашылық ортаны қолдау, халықаралық мәдени ынтымақтастықты кеңейту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Мемлекет басшысы халқымыздың бай мәдени мұрасы мен даңқты тарихы әлемде лайықты түрде үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті. Кейінгі жылдары елімізде осы баға жетпес мұраны жаңғырту, сақтау және кеңінен насихаттау бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылды.


Сонымен бірге Президент заманауи өнерді де жүйелі түрде дамыту маңызды екенін атап өтті. Заманауи өнер бүгінгі ұрпақтың дүниетанымын, шығармашылық ізденісі мен жасампаздық әлеуетін таныта отырып, әлемдік қауымдастықпен мәдени диалогты кеңейтуге және Жаңа Өзбекстанның мәдени келбетін одан әрі нығайтуға зор мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Заманауи өнер орталығы шығармашылық адамдар, кураторлар, зерттеушілер мен жастар үшін ашық алаңға, елдегі және шетелдегі заманауи өнер шеберлерін тартатын мәдени кеңістікке айналуы тиіс. Мұнда Өзбекстанның бүгінгі мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде танытатын жаңа идеялар, кәсіби байланыстар мен жобалардың қалыптасуы маңызды.
Бұл орталық – Өзбекстандағы заманауи өнерге маманданған алғашқы мемлекеттік мекеме. Сонымен қатар ол Орталық Азияда көрме, білім беру, зерттеу және ағартушылық қызметті бір арнаға тоғыстырған осындай ауқымдағы алғашқы мәдени кешен саналады.


Жаңа орталық 1912 жылы сәулетші Вильгельм Гейнцельманның жобасы бойынша салынған тарихи ғимаратта орналасқан. Алғашында мұнда трамвай депосы болған, кейін ғимарат дизель электр станциясы ретінде пайдаланылған.
Ғимаратты реставрациялау жөніндегі сәулеттік тұжырымдаманы Францияның «Studio KO» бюросы әзірледі. Жаңғырту барысында нысанның тарихи келбеті мен өнеркәсіптік сәулетке тән ерекшеліктері сақталды. Сонымен бірге ғимарат заманауи мәдени кеңістік талаптарына бейімделді.
Президент көрме және білім беру алаңдарын, қоғамдық кеңістіктерді аралап көрді. Кешенде кездесулер мен бұқаралық бағдарламалар өткізуге арналған алаңдар, концепт-дүкен және мейрамхана жұмыс істейді. Көпшілікке ашық мамандандырылған кітапхана мен зерттеу мұрағатында өнер, визуалды мәдениет және сындарлы теорияға қатысты әдебиеттер мен материалдар жинақталған.


Орталықта көрмелер, дәрістер, ашық пікірталастар мен талқылаулар, фильм көрсетілімдері, концерттер, перформанстар, шығармашылық шеберханалар және арт-резиденция бағдарламалары ұйымдастырылады. Бұл бағдарламалар жергілікті шығармашылық өкілдерін, кураторларды, зерттеушілер мен жас мамандарды қолдауға, жаңа кәсіби тәжірибелерді енгізуге және қалың жұртшылықтың заманауи өнермен жақынырақ танысуына мүмкіндік беруге бағытталған.
Орталықтың тұрақты жұмыс істейтін шығармашылық әрі кәсіби ортаға айналуының маңызы зор. Мұнда жас шығармашылық иелері өз жобаларын таныстырады, зерттеушілер дереккөздер мен мұрағат материалдарымен жұмыс істейді, ал көпшілік білім беру бағдарламалары, мәдени-ағартушылық іс-шаралар және шығармашылық қауымдастықпен тікелей байланыс арқылы заманауи өнермен етене танысады.
Мұндай инфрақұрылым елдегі жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға, креативті экономиканы дамытуға, гуманитарлық білім сапасын арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарына толық сәйкес келеді.


Кешен өз жұмысын Hikmah («Хикмат») атты алғашқы халықаралық көрмемен бастайды. Көрме білім, рухани мұра және мәдени жады тақырыптарына, сондай-ақ тарихи дәстүрлер мен заманауи өнер арасындағы байланысқа арналған.
Көрме экспозициясында танымал суретшілердің 11 туындысы, соның ішінде жоба үшін арнайы жасалған жұмыстар қойылады. Өзбекстанда алғаш рет Нью-Йорктегі Соломон Р. Гуггенхайм музейі коллекциясындағы инсталляцияның көпшілік назарына ұсынылуы ерекше назар аударуға тұрарлық.
Орталық шетелдегі жетекші мәдени мекемелермен де ынтымақтастықты дамытып келеді. Олардың қатарында АҚШ-тағы Гуггенхайм музейі мен Ұлттық Азия өнері музейі, Ұлыбританияның «Tate» және «Delfina Foundation» ұйымдары, Францияның Помпиду орталығы және Кореяның Өнер кеңесі бар.


Мемлекет басшысына орталықтың алдағы көрме, білім беру және зерттеу бағдарламалары туралы ақпарат берілді. Жаңа мәдени кеңістік кәсіби ортаны дамытуға, өзбекстандық шығармашылық өкілдерін халықаралық деңгейде кеңінен танытуға және еліміздің шет мемлекеттермен мәдени байланыстарын нығайтуға қызмет ететіні атап өтілді.
Президент орталықты жас шығармашылық иелері, кәсіби қауымдастық және қалың жұртшылық үшін ашық әрі жанды шығармашылық кеңістікке айналдыру қажеттігін атап өтті. Халықаралық байланыстарды кеңейтуге, елге заманауи өнердің танымал өкілдерін тартуға және жергілікті шығармашылық иелерінің жаңа жобаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінді.
Жоба мәдени дипломатияны нығайтуға, Ташкент қаласының заманауи келбетін қалыптастыруға және Жаңа Өзбекстанды бай мұрасы бар, сонымен қатар заманауи идеяларға, шығармашылық ізденістерге және халықаралық диалогқа ашық мемлекет ретінде әлемге кеңінен танытуға ықпал етеді.








Орталықтың ресми ашылуы 6 қыркүйекке жоспарланған.