Мемлекет басшысы табиғатты қорғау саласында бақылау мен жауапкершілікті күшейтуді тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев 30 сәуір күні табиғатты қорғау, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту жөніндегі ұсыныстар бойынша тұсаукесермен танысты.
Өзбекстанда кейінгі жылдары қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу және экологиялық мәдениетті арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және коммуналдық салалардың қарқынды дамуы табиғатқа әсер ететін факторларды қатаң бақылауды және экологиялық талаптарды күшейтуді талап етіп отыр.

Таныстырылымда экология саласындағы құқықбұзушылықтар талданды. Атап өтілгендей, 2024 жылы 47 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталса, 2025 жылы олардың саны 59 мыңнан асқан. Қолданыстағы тәртіп бойынша айыппұл мөлшері келтірілген экологиялық зиянға сәйкес келмейтіндіктен, кейбір кәсіпорындар үшін заңбұзушылықты жоюдан гөрі айыппұл төлеп, қызметін жалғастыру тиімді болып отыр.
Осыған байланысты заңды тұлғаларға қатысты қаржылық санкцияларды қайта қарау, оларды табиғатқа келтірілген зиян көлемімен байланыстыру және халықаралық тәжірибеге жақындату ұсынылды. Атап айтқанда, өзен арналарынан инертті материалдарды заңсыз өндіру, су ресурстарын ластау, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, атмосфераға белгіленген мөлшерден артық қалдық шығару, құрылыс алаңдарында шаң-тозаңның таралуына жол беру, қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерде жағу сияқты жағдайлар үшін қатаң қаржылық шаралар енгізу көзделген.

Бұл үдерісте әкімшілік айыппұл мен табиғатқа келтірілген зиян үшін өтемақыны бірыңғай қаржылық санкцияға біріктіру, кәсіпорын кінәсін мойындаған жағдайда оны Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитет арқылы қолдау, ал даулы жағдайларда мәселені сот тәртібімен қарау ұсынылды.
Таныстырылымда «Угам» өзенінің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіру және оның бірегей табиғи мұрасын сақтау мәселелері де қаралды.
«Угам» өзені және оның алабы «Угам-Шатқал» ұлттық табиғи паркі құрамындағы маңызды экологиялық аймақтардың бірі болып табылады. Мұнда ондаған сирек өсімдіктер мен жануарлардың түрлері, соның ішінде Қызыл кітапқа енген түрлер мекендейді. Өзен Шыршық өзені алабы су жүйесінде де маңызды рөл атқарады.

Талдауларға сәйкес, соңғы жылдары «Угам» өзеніндегі су көлемі азайып, су сапасына әсер ететін факторлар көбейген. Бұл жағалаулардың бұзылуына, флора мен фаунаға кері әсер етуіне және биоалуантүрліліктің қысқару қаупінің артуына әкелуі мүмкін.
Сол себепті «Угам» өзені мен оған іргелес аумақтарды мемлекеттік гидрологиялық табиғат ескерткіші ретінде жариялау, жағалау және су қорғау аймақтарында табиғи гидрологиялық жүйеге әсер ететін құрылыс пен жер жұмыстарын шектеу ұсынылды. Сондай-ақ су қорғау аймақтарындағы нысандарды түгендеу, олардың су сапасы мен биофаунаға әсерін бағалау міндеттері белгіленді. Экологиялық талаптарға сай келмейтін қызмет түрлерін тоқтату немесе басқа жерге көшіру мәселесі қаралады.
Сонымен қатар өзеннің гидрологиялық және экологиялық жағдайын тұрақты дамыту мақсатында «Угам өзені экожүйесін жақсарту» мастер-жоспарын әзірлеу, жағалау мен қорғау аймақтарында жердің деградациясын болдырмау үшін ағаштар мен бұталар отырғызу көзделген.
Қалдықтарды басқару саласындағы жұмыстар да жан-жақты талданды. 2025 жылы санитарлық тазалау қызметінің қамтылуы махалла деңгейінде 88 пайызға жетті, салаға арнайы техника, мотороллерлер мен контейнерлер жеткізілді, 132 полигон маңы көгалдандырылды, 47 полигонның қызметі тоқтатылды.
Биыл санитарлық тазалық кәсіпорындарына қосымша арнайы техника мен контейнерлер жеткізу арқылы қамту деңгейін 90 пайызға жеткізу, 18 полигонды рекультивациялау, сондай-ақ 2030 жылға қарай полигондар санын 50 пайызға қысқарту жоспарланып отыр.
Қалдықтарды қайта тиеу станцияларын салу арқылы логистикалық шығындарды азайту, сұрыптау және қайта өңдеу көлемін арттыру, полигондарға түсетін жүктемені қысқарту маңызды екені атап өтілді. 2026 жылы 28, ал 2030 жылға дейін 70 қайта тиеу станциясын салу көзделген.
Тұрмыстық қалдықтарды өртеу арқылы электр энергиясын өндіруге бағытталған ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы да ақпарат берілді. Жалпы құны 933 миллион доллар болатын 6 зауыттың құрылысы Әндіжан, Наманган, Ферғана, Самарқанд, Қашқадария және Ташкент облыстарында жүргізілуде. Бұл зауыттар іске қосылған соң жылына 3,6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық қайта өңделіп, 1,6 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Келесі кезеңде құны 633 миллион доллар болатын тағы 5 зауыт салу жұмыстары басталады.
Қауіпті қалдықтарды басқару бойынша ТМД аумағында алғаш рет интеграцияланған платформа құру ұсынылды. Науаи облысы аумағында жүзеге асырылатын бұл инвестициялық жоба аясында қауіпті қалдықтарды зертханалық сипаттау, арнайы полигон ұйымдастыру, қалдықтардан RDF жанармайын өндіру, физика-химиялық және термиялық қайта өңдеу жүйесін енгізу көзделген.
Жобаның құны 260 миллион долларды құрайды, жылына 330 мың тонна қауіпті қалдықты қайта өңдеу қуаты жасалады. Бұл бастама экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, жаңа стандарттар мен озық технологияларды енгізуге, жергілікті кадрларды даярлауға ықпал етеді.
Атап өтілгендей, 2017 жылы құрылыс қалдықтарының көлемі 1,2 миллион тоннаны құраса, 2025 жылы 1,9 миллион тоннаға жеткен.
Осыған байланысты құрылыс қалдықтарының «пайда болуынан бастап кәдеге жаратуға дейінгі» бүкіл процесін толық бақылайтын цифрлық платформа құру, қалдықтардың қозғалысын GPS арқылы нақты уақыт режимінде қадағалау, полигондарда сұрыптау және қайта өңдеу кешендерін ұйымдастыру ұсынылды.
Сонымен қатар, құрылыс нысандарын қабылдау кезінде қалдықтарды кәдеге жарату бойынша келісімшарт талаптарының орындалуын міндетті талап етіп белгілеу, заңсыз төгілген қалдықтарды фото және видео арқылы анықтау, сондай-ақ жауапкершілік шараларын күшейту қарастырылып отыр.
Таныстырылымда қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау жобалары да қаралды. Атап айтқанда, «Ферғана» ұлттық табиғи паркі құрамындағы «Ёзёвон» табиғат ескерткіші аумағын қорғау, дендрологиялық бақ құру, бақылау мұнаралары, арнайы дрондар мен цифрлық мониторинг жүйелері арқылы бақылауды күшейту жоспарланған.
Бұл аумақта келушілер орталығын ашу, жаяу серуендеу бағыттарын, құстарды бақылау алаңдарын, фото және панорама нүктелерін, ғылыми-танымдық экскурсияларды ұйымдастыру көзделген.
Сондай-ақ «Авжазсай – Көк таулар» ұлттық табиғи паркі аумағында да экологиялық туризмді дамытуға бағытталған нысандар салу ұсынылды. Мұнда табиғи ландшафттар мен тау экожүйелерін сақтай отырып, туристерге қолайлы инфрақұрылым құруға ерекше мән беріледі.
Таныстырылым барысында Самарқанд қаласында өтетін «ECO EXPO Central Asia 2026» халықаралық көрмесі мен Жаһандық экологиялық қордың 8-Ассамблеясына дайындық мәселелері де талқыланды.
Жаһандық экологиялық қор 186 елді біріктіретін ірі халықаралық қаржы институты болып табылады, ал Өзбекстан оған 1995 жылы қосылған. Ассамблеяның Самарқандта өтуі Еуропа, Кавказ және Орталық Азия өңірінде алғаш рет ұйымдастырылатын ауқымды экологиялық форум болмақ. Оған 186 мемлекеттен 2,5 мың қатысушы, 40 донор ел, 50-ден астам беделді табиғатты қорғау ұйымдары мен халықаралық сарапшылар қатысады деп күтілуде.
«ECO EXPO Central Asia 2026» көрмесі жергілікті өнеркәсіп, әкімдіктер, халықаралық қаржы институттары, инновациялық «жасыл» технология жеткізушілері мен инвесторлар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы ұсынылған бастамаларды мақұлдап, табиғатты қорғау саласында бақылау мен жауапкершілікті күшейту, қалдықтарды басқарудың заманауи жүйелерін енгізу, су ресурстары мен биоалуантүрлілікті сақтау, қорғалатын табиғи аумақтарды ғылыми негізде дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.