Мемлекет басшысы былғары-аяқ киім өнеркәсібін дамыту жоспарларымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев былғары-аяқ киім өнеркәсібінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөніндегі тұсаукесермен танысты.
Кейінгі жылдары сала кәсіпорындарын қолдау, өндірісті кеңейту және экспортты арттыру бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында былғары өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 962 миллиард сумды құрап, өсім 25 пайыздан асты. 2030 жылға дейін саладағы өндіріс көлемін 12 триллион сумға, экспортты 500 миллион долларға жеткізу және 12 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар салада пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктердің әлі де көп екені атап өтілді. Елде тері мен жүн шикізаты мол өндірілгенімен, оларды терең өңдеу деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, қой мен ешкі терісін өңдеу деңгейі шамамен 30 пайызды ғана құрайды. Жыл сайын дайындалатын 40 мың тонна жүннің небәрі 6 мың тоннасы, яғни 15 пайызы ғана қайта өңделуде.

Таныстырылымда кәсіпорындардың өндірістік қуатын тиімді пайдалану, шикізатты терең өңдеу, дайын өнім үлесін арттыру және экспорт географиясын кеңейту бойынша ұсыныстар қаралды.
Атап айтқанда, Ташкент облысының Ахангаран және Әндіжан облысының Шахрихан аудандарында былғары-аяқ киім өнеркәсібіне маманданған арнайы индустриялық аймақтар құру жоспарланған. Бұл аймақтарда өндірістік нысандармен қатар инженерлік-коммуникациялық желілер, логистика, дизайн және біліктілікті арттыру орталықтары салынады. Индустриялық аймақтарды басқару Жеңіл өнеркәсіпті дамыту агенттігі жанынан құрылатын арнайы дирекцияға жүктеледі.
Ахангаранда тері өңдеу кәсіпорындары үшін экологиялық талаптарға сай заманауи индустриялық аймақ құрылмақ. Қазіргі таңда республикадағы 32 тері өңдеу кәсіпорнының 70 пайызының су тазарту жүйелері ескірген әрі бірыңғай орталықтандырылған жүйе жоқ. Осыған байланысты жаңа аймақта тәулігіне 8 мың текше метрге дейін суды тазалап, қайта пайдалануға мүмкіндік беретін орталықтандырылған су тазарту нысаны салынады.

Шикізат базасын кеңейту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Көршілес елдерден мал терісін орталықтандырылған түрде импорттау, бұл үдерісте кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты негізінде қолдау көрсету, көлік шығындарын өтеу және өңдеуші кәсіпорындарды айналым қаражатымен қамтамасыз ету ұсынылды.
Ұсақ мал терілерін жинау және бастапқы өңдеу жүйесін жетілдіру де маңызды міндеттің бірі ретінде белгіленді. Осы мақсатта Науаи, Қашқадария, Сұрхандария және Ташкент облыстарында теріні жинау және бастапқы өңдеу пункттерін ашу, қайта өңдеу кәсіпорындарын ынталандыру шаралары қарастырылды.
Жүн шикізатын қайта өңдеуді кеңейту мақсатында Сырдария облысында жаңа кешен құру ұсынылды. Оның қуаты жылына 30 мың тонна жүн өңдеуге есептелген. Жоба іске қосылған жағдайда шикізаттан дайын өнімге дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасып, қосылған құн бірнеше есе артады, экспорт көлемі мен жұмыс орындары көбейеді.

Аяқ киім, оның ішінде арнайы аяқ киім өндірісін ұлғайту, осы бағытта шетелдік серіктестермен кооперацияны күшейту және бірлескен жобаларды арттыру мәселелері де қаралды.
Таныстырылымда жасанды былғары өндірісін дамыту мәселесі де қозғалды. Әлемдік нарықта ірі брендтер экологиялық талаптар, баға және технологиялық тиімділік тұрғысынан жасанды былғарыны кеңінен қолдана бастады.
Өзбекстанда бұл бағытта 7 перспективалы жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде жылына 50 миллион погон метр өнім өндіру қуаты қалыптасып, ішкі сұраныстың едәуір бөлігі қамтамасыз етіліп, экспорт көлемі артады.
Мемлекет басшысы салаға берілген жеңілдіктер өздігінен нәтиже бермейтінін, әрбір кәсіпорын, жоба және нарық бойынша нақты есеп пен жүйелі іс-қимыл қажет екенін атап өтті.
Жауапты тұлғалар мен өңір басшыларына кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру, өндірістік қуатты толық пайдалану, импортты алмастыратын бәсекеге қабілетті өнім шығару, сондай-ақ халықаралық сертификаттар алуда кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берілді.