Мемлекет басшысы Бұхарада өтетін халықаралық іс-шараларға дайындық мәселелері жөнінде жиын өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев Бұхара қаласында өтуі жоспарланған ірі халықаралық іс-шараларға дайындық мәселелері жөнінде жиын өткізді.
Мемлекет басшысы алдағы іс-шаралар Бұхараның бай тарихи мұрасы мен бүгінгі әлеуетін танытумен қатар, облыстың дамуына да қызмет етуі керектігін атап өтті. Ол үшін дайындық жұмыстарын іс-шаралар өтетін орындармен ғана шектемей, көлік, қызмет көрсету, қауіпсіздік және қала инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту қажет.

Жиында жоғары деңгейдегі кездесулер мен ірі халықаралық іс-шараларды жоғары дәрежеде ұйымдастыру мәселелері қаралды. Әрбір министрлік пен мекемеге шетелдік серіктестермен өз бағыты бойынша мазмұнды диалог өткізуге дайындалу, еліміздегі реформалардың нақты нәтижелерін таныстыру және жаңа бірлескен бастамалар әзірлеу міндеті жүктелді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Бұхарада заманауи ахуал орталықтарының жұмысын жолға қою, қоғамдық орындар мен туристік нысандардағы жағдайды цифрлық технологиялар арқылы бақылау, жол қозғалысын басқару және киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі жоспарлар талқыланды. Сондай-ақ махаллаларда құқықбұзушылықтардың алдын алуда профилактика инспекторлары мен «махалла жетілігі» арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігі атап өтілді.

Президентіміз Бұхараға келген қонақтардың ең алдымен әуежайға, теміржол вокзалы мен жолдардың жай-күйіне назар аударатынын айтты. Осыған байланысты құны 300 миллион доллар болатын жаңа халықаралық әуежай салу, оны қаламен байланыстыратын 23,5 шақырымдық жол тарту және жол бойын көгалдандыру жұмыстары қаралды. Теміржол вокзалдарының айналасын абаттандыру, автотұрақтар салу, жарықтандыру, сервистік қызметтер мен қоғамдық көлік қатынасын жақсарту жөнінде тапсырмалар берілді. Қала мен аудандарды вокзалдармен байланыстыру үшін қосымша 120 автобус әкелу қажет екендігі белгілі болды.

Бұхараның климаттық жағдайын ескере отырып, жасыл аймақтарды кеңейту, ағаштар мен бұталар отырғызумен қатар, оларды күтіп-баптауға қажетті суару және дренаж жүйелерін ұйымдастыру мәселелеріне де назар аударылды.
Халықаралық іс-шараларды инвестиция тарту және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында пайдалану қажеттігі атап өтілді. Өнеркәсіптік кооперация, қосылған құны жоғары өнім өндіру, көлік-логистика және экспорт салаларында шетелдік серіктестермен нақты келісімдерге қол жеткізу жөніндегі ұсыныстар қаралды. Сонымен қатар облыста жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру, электр энергиясын жеткізу және сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.

Бұхараның тарихи-мәдени мұрасы мен туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытумен қатар, қонақтарды өңірдегі заманауи кәсіпорындармен, ауыл шаруашылығы, қолөнер және қызмет көрсету салаларындағы жұмыстармен тікелей таныстырудың маңыздылығы атап өтілді. Халықты жұмыспен қамту, табысын арттыру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы өзгерістерді де іс жүзінде көрсету міндеті жүктелді.

Мемлекет басшысы дайындық барысында салынатын әрбір нысан мен енгізілетін әрбір жүйе халықаралық іс-шаралар аяқталғаннан кейін де Бұхара тұрғындарына қызмет етуі керектігін атап өтті. Жауапты тұлғаларға өңірлерге барып, жұмыстардың барысын жекелей зерделеу, мәселелерді сол жерде шешу және барлық тапсырмалардың орындалуын қатаң үйлестіру жөнінде нұсқаулар берілді.