Кубада тағы да жаппай электр үзілісі болды: ел бесінші рет қараңғылық құшағында қалды
Кубаның ұлттық электр энергетикасы жүйесі тағы да толық істен шықты. Бұл туралы елдің мемлекеттік электр энергетикасы компаниясы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Компания мәліметінше, 2 тамыз күні сағат 22:43-те елдің ұлттық электр энергетикасы жүйесі толық ажыратылған.
Куба Энергетика министрлігі электр желісінің жұмысын қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Соңғы уақытта елде жиілеген электр қуатының үзілуі сумен жабдықтау және салқындату жүйелерінің жұмысына да кері әсер етіп, халықтың күнделікті тұрмысын едәуір қиындатқан.
Мәліметке сәйкес, Куба 2024 жылдың соңынан бері ауқымды электр үзілістеріне жиі тап болып келеді. Ел үкіметі энергетикалық дағдарысты отын тапшылығымен, инфрақұрылымның тозуымен және АҚШ санкцияларының салдарымен байланыстырады.
Кубада электр энергиясының негізгі бөлігі мазутпен жұмыс істейтін ескірген жылу электр станцияларында өндіріледі. Бұған дейін елге негізгі отын жеткізушілердің бірі болған Венесуэладан мұнай алу мүмкіндігі АҚШ енгізген мұнай блокадасынан кейін шектелген.
Сонымен қатар кейіннен Кубаның басты мұнай жеткізушісіне айналған Мексикадан импорт та АҚШ-тың қысымына байланысты тоқтатылған. Наурыз айында АҚШ рұқсатымен Ресейден жіберілген бір танкер жеткізген отын қоры да таусылған.
Бұдан бөлек, Куба ондаған жыл бойы АҚШ-тың кең ауқымды экономикалық шектеулері жағдайында өмір сүріп келеді. президент Дональд Трамп әкімшілігі Кубаның мемлекеттік кәсіпорындарына қатысты санкцияларды одан әрі күшейткен. Соның салдарынан бірқатар шетелдік компания елдегі қызметін тоқтатқан.
Еске салайық, Кубада биыл осыған дейін төрт рет ұлттық энергетика жүйесі толық істен шығып, ел жаппай электр жарығынсыз қалған еді. Бұл жолғы оқиға жыл басынан бергі бесінші ірі блэкаут болды.